Жаңалықтар

Вакцинация паспортын сататын алаяқтар пайда болды

Вакцинация паспортын сататын алаяқтар пайда болды

Алматыда электронды вакцинация паспортын 15 мың теңгеге сатып жатыр деген ақпарат тарады. 

Осыған байланысты Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді. Желіде тараған ақпарат бойынша, түрлі клиникалардың атынан коронавирусқа қарсы вакцина салынғаны туралы электронды паспорт әперемін дейтін делдалдар көбейген. Олар екпенің екі компоненті үшін 15 мың теңге сұрайды. Кейбірі клиниканың қызметіне қарай 5-25 мыңның аралығында да сататын көрінеді. «Мұндай іс-әрекеттің қылмыстық сипатта екендігін және қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын ресми түрде хабарлаймыз. Осы факт жарияланған сәттен бастап арнайы қызметтік тергеу басталды. Қазіргі уақытта вакцинациядан өту туралы электронды паспорт беру фактісі расталмады. Тергеу нәтижелері бұл ақпаратты растаса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қолдану үшін құқық қорғау органдарына беріледі», делінген қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.