жұма, 22 қараша, 2024 7:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ветеринария саласы қашанда маңызды

Ветеринария саласы қашанда маңызды
ашық дереккөз
Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында еліміздің аграрлық секторының алдына жаңа межелер белгілеп берді. Президент «Ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс», деген болатын.

Жолдауда белгіленген мақсат-міндеттерді іске асыруда ветеринария саласына да зор жауапкершілік жүктеледі. Ол – биологиялық қауіпсіздікті сақтау, соның ішінде жануарлар мен адамдарға ортақ аса қауіпті жұқпалы ауруларды анықтау, алдын алу және емдеу, адамдар тұтынатын мал өнімдері мен шикізаттардың тіршілікке қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осынау мемлекеттік маңызды міндеттер тізбегінде ветеринариялық зертхананың алар орны да, маңызы да артып отыр.

Бүгінде аудандық ветеринариялық зертхана өңірдегі 85 жылдық тарихы бар мекеме. Кеңес Одағы дәуірлеп тұрған шақта мұнда мал ауруларының барлық түрлерінің күрделі диагностикаларымен қатар, аудан шаруашылықтарының жем-шөп базасының азықтық бірлігінің химиялық-биологиялық құрамына, тіптен мал жайылымдарының жарамдылығымен құнарлығына егжей-тегжейлі зертханалық сараптамалар жасалған екен. Ал, бүгінгі таңда ветеринариялық зертхана азық-түлік қауіпсіздігін сақтау құрылымындағы маңызды буын ретінде қызметін жедел жолға қойып келеді.

Сонымен қатар, мұнда ақылы негізде мал өнімін өткерушілердің ет және сүт өнімдерін ветеринариялық-санитариялық сынамадан өткізіліп, биологиялық қауіпсіздігі туралы анықтама беріледі. Онда 14 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда серологиялық және бактериологиялық зертхана бар. Мекеменің жоспарлы жұмысын негізінен екі мал дәрігері мен үш зертханашы атқарса, төрт техникалық қызметкер ішкі-сыртқы тазалыққа және мүліктің сақталуына жауап береді. Бұдан бөлек, мекеме жанындағы виварийде тәжірибеге алынатын жануарлар бағылады. Мұнда қазір 16 бас теңіз шошқасы, 70 бас ақ тышқан, 12 бас қоян және екі бас донор қошқар ұсталуда. Оларды күтіп бағатын маман күнделікті қоректі азық рационын тиісті мөлшермен, ұқыппен береді.

Мал ауруларын диагностикалау – күрделі шаруа. Мекеменің жоспарлы жұмысының басты мақсаты – үй жануарларынан алынған қан сарысуы сынамаларынан бруцеллез және басқа да жиі ұшырасатын ауруларды анықтау. Жыл басынан бері ветеринарлар 40 мыңнан аса мүйізді ірі қарадан, 170 мың қой-ешкіден сарыпқа қарсы екі қайтара қан сынамаларын алған. Ал, мұндай қан сынамалары 100 бас жылқыдан, 600 бас иттен жылына бір рет алынады.

Хламидиозға үш жүз мүйізді ірі қарадан, 800 бас қой-ешкіден екі қайтара сынама алынған. Бұдан бөлек, аусылдың титрін, яғни малдың аусыл ауруына қарсы иммунитетін зерттеу үшін жылына 1300 бас мүйізді ірі қарадан, 6430 бас уақ малдан, сондай-ақ лейкоз және лептоспирозға 80 мүйізді ірі қарадан қан сынамалары алынады.

Зертхана мамандары жұқпалы эпидидемит, лестериоз, анаэробтық энтереттаксемия секілді аса қауіпті ауруларды патологиялық сынамалар арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ірі қара малдың қаны бруцеллезге тек облыстық зертханада ИФА тәсілімен тексеріледі.

Бактериологиялық зертханада бактериолог-мал дәрігері Ернияз Кәрімбаевтың жетекшілігімен тәжірибеге алынған жануарларға сынақтар жүргізу негізінде және ауру малдың патогенді микроорганизмдерінен күрделі бактериологиялық сараптамалар әзірленеді. Бұл зерттеудің ұзақтығы ауру түріне қарай 10-60 күнді құрайды. Мекемеде жұмыс істеу үшін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған. Айталық, диагностикалық жабдықтар мен аспаптар, химиялық реактивтер мен бояулар, қоректік орталар жеткілікті. Компьютер техникасымен, көбейту-көшірмелеу және факс аппараттарымен жарақталған.

– Жануарлардың ауруларын диагностикалау кезінде сараптама актілері микроскопиялық, бактериологиялық, биологиялық, вирусологиялық, микологиялық, серологиялық, биохимиялық, химиялық-токсикологиялық және радиологиялық зерттеулер нәтижелерінің негізінде жасалады. Жануарлар бруцеллезіне келсек, мұнда жүргізілген зерттеулер саны бойынша да, әдістер бойынша да бұл ауруды диагностикалау тәсілі өзгертілуде. Таяу арада жануарларға вакцинация жүргізу мүмкіндігі көзделуде. Сонымен қатар, тағам қауіпсіздігіне байланысты өсімдік - жануар текті өнімдерге ветеринариялық-санитариялық зерттеулер жасалады. Зертхананың орталық базардың жанында орналасқан бөлімшесінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ет пен сүттің, балықтың ветеринариялық-санитариялық сараптамасы жүргізіледі. Ішкі сауда объектілері болып саналатын ет базарлары мен орталық базардың сүт, қаймақ, ірімшік және балық сөрелерінде сатылатын өнімдердің сапасы қадағаланады. Зертханаға жеткізілген қан сынамалары нәтижелерін бес күн ішінде алуға болады, – дейді Жуалы аудандық ветеринариялық зертхана жетекшісі Дәурен Алагөзов.

 

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар