Жаңалықтар

Яндекс.Такси: Бір күнде 200 мың қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін

Яндекс.Такси: Бір күнде 200 мың қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін

Қазақстанда «Яндекс.Такси» мобильді қосымшасы арқылы жұмыс істеп жүрген 200 мың қазақстандық бір күнде жұмыссыз қалу қаупі бар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлады Жамбылинфо  Halyq Uni сайтына сілтеме жасап. Оның айтуынша, бүгінде әртүрлі онлайн сервисте 500 мыңнан аса қазақстандық жұмыс істейді.

Депутат мемлекеттік органдар бұл мәселеге назар аудармай отырғанын жеткізді. «Біріншіден, Бәсекелестікті қорғау агенттігі қайда қарап отыр? Қазақстанның салығынан да көп комиссия алынады? 200 мыңға жуық қазақстандық соншама комиссияны қазақстандық емес ұйымға жіберіп жатыр? Неге осыны бақылауға алмайсыздар? Екіншіден, «Яндекс.Такси» қосымшасына балама қосымша жоқ. Ресейге әртүрлі санкция салынуда. Қателеспесем, Эстония, Литва «Яндекс.Таксидің» жұмысын тоқтатты. Ертең 200 мың қазақстандық бір күнде жұмыссыз қалу қаупі бар...», - деді депутат. Елнұр Бейсенбаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне сауал жолдады. «Бағдат Батырбекұлы, «Яндекс Такси» қосымшасында 200 мың адам жұмыс істейді деген ақпарат нақты емес. Онда қанша қазақстандық еңбек етіп жүр? Қазақстанда «Яндекс.Таксиге» бәсекелес болатын қазақстандық қосымшаны ойластыру жоспарда бар ма?», - деді ол. Ведомсво басшысы сұрақтарға нақты жауап бере алған жоқ. «Яндекс.Таксиде» қанша адам жұмыс істеп жатқанын білмеймін. Оны нақты білу үшін компанияға сұраныс жіберу керек. Олар жауап берсе, ақпаратпен бөлісемін... Бірнеше адам («Яндекс.Таксиге» ұқсас) қосымша жасауға тырысты. Бірақ жасай алған жоқ. Бұл – нарықтық орта», - деді Бағдат Мусин. Сонымен қатар ол қытайлық Didi компаниямен келіссөз жүргізіп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов «Яндекс.Таксидегі» бағаның жоғары болуына байланысты тексеріс жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Жыл басынан бері агенттікке көптеген арыз түсті. Арыздар «Яндекс.Таксидің» 16 - 20% комиссиясына байланысты. Бүгінде тергеу жүргілізіп жатыр. Екі іс қозғалды. Бірінші іс – бағаның жоғары болуына байланысты. Әрбір сапардан неге 18-20% алынғанына қатысты. Екіншіден, олар Астана және Алматыда монополист болып саналады. Нарықтағы үлесі – 70-80%. Халықтың аталған қосымшаны пайдаланбасқа амалы жоқ. Тергеу аяқталған соң нәтижесін жариялаймыз», - деді Болат Сәмбетов.