«Әйелдердің тілі өте ұзын, «қой» дегенде қоя салмаймыз»: Сара Тоқтамыс отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қатысты пікір білдірді
Бұл туралы айтыскер ақын әлеуметтік желідегі парақшасында жазған
Айтыскер ақын, қазір ұлттық киім сататын кәсіпкер Сара Тоқтамысова ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжалға ешқашан тек бір жақ кінәлі болмайтынын, отбасының тыныштығына ер мен әйел қатар жауапты екенін алға тартқан, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Ол ел азаматтарға қарата айтқан сөзінде «әйелді ұрып түзеймін деу - ақымақтық» екенін жазған.
«Мен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу дегенге түбегейлі қарсымын. «Қарсы емеспін» дейтін әйел жоқ шығар. Қисық қабырғаңнан жаратылған жанды өз әлеміңе сай етіп түзеп алам деу - ең ақымақ еркектің қағидасы. Оны ұрып-соғып тәрбиелей алмайсың. Егер әйелің көзіңе жын боп көрінсе, басқа жолын тап. Одан да босата сал. Ұрып-соғып, әке-шешесінен боқтап жөнге салу деген бос әурешілік. Әйелге қолын тигізіп, әке-шешесін боқтаған күні еркек өзінің «еркек» деген құнын түсіріп алады. Осыны ойлаңдар, азаматтар»,-деген ол.
Сара Тоқтамысова Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтетін заң қабылданғалы күйеулерін полицияға ұстатып беріп жатқан әйелдердің қатары көбейгенін сынға алған.
«Мәселенің екінші жағы бар. «Қазақстанда заң шықты екен» деп пәлен жыл отасқан күйеулерін халық жауы сияқты полицияға ұстап беріп жатқан әйелдер де шығып жатыр. Біздің, әйелдердің, тіліміз өте ұзын. «Қой» дегенде қоя салмай, кей жігіттің тілін шығарамыз. Сондықтан, болған жайтты жұртқа жайып, жөнсіз-жобасыз күйеуіне қара күйе жағып, өзі сүттен ақ, судан таза болатын әйелдерді Құдай кешірсін. Ешқашан тек бір жақ кінәлі болмайды, соны сарапқа салып ойлану керек деп ойлаймын»,-дейді айтыскер ақын.