Қостанайлық азамат Ұланғасыр Қамидің үстінен арыз түсірді
- авторjambylinfo.kz
- 25 шілде, 2024
- 517
Жуырда хитмен Ұланғасыр Қами болашақ жарына намаз оқытып, хиджаб кигізетінін айтқан ойы әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
"КазТАГ" ақпарат агенттігінің мәліметінше, Ұланғасыр Қамидің пікірімен келіспей, Қостанай қаласының тұрғыны Саида Сисембаева «Әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айыппен өнер иесінің үстінен арыз жазды.
«Мен Ұланғасыр Қамидың үстінен арыз жаздым. Дәстүрге берік депутаттар үнсіз қалғаны үшін орнына мен жаздым. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес, e-Otinish арқылы Ішкі істер министрлігіне жолдадым. Оның айтқан ойы әлеуметтік және гендерлік араздықты қоздырып, әйелдерге деген өшпенділік сезімін тудырды. Тіпті, әйелдеріне қол көтеретін еркектерді ақтау екенін көрсетті. Осыны тексеруді сұрап, өтініш жібердім. Өтініш тіркелді, қандай да бір іс қозғала ма, әлде әдеттегідей ресми жауап келе ме, көрейік», – деп жазды қостанайлық тұрғын.
«Ұланғасырдың айтуынша күйеулері әйелдерін хиджаб кимегені үшін өлтіреді екен. Менің ойымша әнші осы сөзі арқылы тұрмыстағы зорлық-зомбылықты ақтап тұр. Яғни, Қамидің айтуынша, «тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны атанғандарына әйелдердің өздері кінәлі. Өйткені олар хиджаб кимеген». Осындай пікір айтқан танымал адамдар онсызда қоғамда өршіп тұрған мәселені ушықтыруы мүмкін. Қоғамдағы кейбір еркектердің әйелдерге деген көзқарасы дұрыс емес. Мен азамат Ұланғасыр Қамидің бейнежазбасын өтінішіме тіркей алмадым. Өйткені платформа бейнефайлдардың кейбір түрлерін қабылдамайды екен», – делінген жазбаша арызда.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз