Жаңалықтар

ҒЫЛЫМҒА КӨҢІЛ БӨЛСЕҢІЗ...

ҒЫЛЫМҒА КӨҢІЛ БӨЛСЕҢІЗ...

Ғылым-білімсіз – өркениет жоқ. Ғылым-білім – мықты мемлекеттің сенімді даму көзі мен берік іргетасы. Әсіресе, бүгінгі заманда. Президент еліміздегі ғылым мен өндірістің жайын ұлттық кеңесте ашық айтты. «Елімізде ғылыми-зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз». «Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз», деді Мемлекет басшысы. Шындықты ашық айту – жақсы істің бастамасы. Бұрынғы бір кездердегідей жалаң ұрандатып, даңғазалатып сөйлемеудің өзін жақсылықтың нышаны деп қабылдаған абзал. Ал, Президенттің ашық әңгімесі көптеген шынайы ғалымдардың жұмысына тың серпіліс, нық сенім әкеледі. Елімізде дарынды ғалымдар жеткілікті. Тек оларға жағдай жасалмай келе жатыр еді. Бюрократтық жүйе, өзге де көптеген кедергілер шын ғалымдардың адымын аштырмаған. Күні кешеге дейін Ұлттық ғылым академиясының қоғамдық ұйым болып келгені осының айғағы. Енді, міне, Президенттің тікелей өз бастамасымен Ғылым академиясына Президент жанындағы орган мәртебесі берілді. Қаржыландыру мәселесі шешілді. Бұл, шынында, қуанышты жағдай. Бұрын гранттық қаржы үшін қыруар қағаз дайындап, онысын конкурсқа өткізіп, бірде алып, бірде шеттетіліп, небір белгісіздік, алмағайып уақыт өткізетін. Тұрақты ғылыммен айналысудың орнына қыруар уақыт қаржыландыру мәселесімен, қағазбастылықпен өтетін. Енді оңтайлы шешім жүзеге асып отыр. Мемлекет басшысы сондайақ қоғамдағы теріс көріністерді – псевдоғалымдар туралы нақты ашық айтты. Өкінішке қарай, мұндай көріністің барын жоққа шығара алмаймыз. «Академиктерге өмір бойы степендия төленетін болды. Бірақ, осы жерде ашық айтуым керек: бізде академиктер тым көп, кейбір академиктердің таза ғылымға еш қатысы жоқ. Бір қарағанда, академик деген аты бар. Бірақ, ғылымды дамытуға қосқан үлесін ешкім білмейді. Осындай академиктердің ғылыми сапасы да, олардың ғылымға қосқан үлесі де күмәнді. Бұл академияға нұқсан келтіргені сөзсіз. Сондықтан, академияның жаңа басшылығы осы маңызды мәселені шешуге назар аударуы керек. Ғылым академиясының беделі, абыройы мінсіз болуы қажет». Бұл – ауыр сын. Бірақ, өкінішке қарай, қазақы даңғазалығымызға, атаққұмарлығымызға тән шындық болатын. Бедел салып, белден басып мұндай сәттердің болғаны белгілі. Шын ғалымдарға қамқорлық жасалуы қажеттігі туралы ойлар да қуантады. Расында, ғылыммен айналысқан адамның басқа шаруаға уақыты да, икемі де болмауы мүмкін. Ғылым алаңсыз, беріле, бар уақытыңды, ақыл-ойыңның қуатын сарп ете жұмыс істеуді талап етеді. Мұндайда күнделікті тұрмыстіршілік мәселесі етектен тартып, ойы онға бөлінетін адамнан қандай ғылыми қажыр-қайрат күтерсің. Жекелеген адамның қиындықты жеңіп шығуы мүмкін, талантты деген көп адамның, әсіресе дарынды жастардың жетіспеушіліктен басқа кәсіп іздеп кетуі мүмкін. Осы ретте Мемлекет басшысы ғалымдардың мәртебесін дәйекті түрде көтеріп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету шараларын күшейту керектігін алға тартты. Ол үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер қызметкерлерінің ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемақыны 1,5 есеге арттыру қажет деді. Бұл да ғылымның беделін көтеруде, ғалымның тұрмыстық әлеуетін жақсартуда үлкен қолдау деп білеміз.   Елдің келешегі – жастар. Мемлекет басшысының жастарды ғылымға тарту қажеттілігін баса айтуы – маңызды стратегиялық бағыт деп қабылдаймыз. «Бұдан бөлек, балаларды мектеп жасынан бастап ғылымға, инновациялық тұрғыда ойлау әдісіне баулу аса маңызды. Шын мәнінде, дарынды балаларды жастайынан ғылымға тарту керек. Осы өте маңызды жұмысты ірі кәсіпорындар жүргізіп отырса, құба-құп болар еді. Ғылымға бейім жастарды ғылыми орталықтарға шақырып, ғалымдардың жаңа буынын дайындау керек». «Бүгінде университеттердегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі қозғаушы күші – докторанттар. Әйтсе де олардың саны біздің жоғары оқу орындарында білім алушылардың 1 пайызына да жетпейді. Өкілетті органдарға докторантураға қабылданатындардың санын тиісті деңгейге жеткізуді тапсырамын. 5 мың жеткілікті цифр деп ойлаймын. Министрлік бұл мәселені қайта қарап, нақты оның саны мен санатын анықтауы және тиісті шешім қабылдауы қажет», – деді Мемлекет басшысы. Дарынды жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің жарқын болашағының кепілі. Бұл бағытта Тәуелсіз мемлекетіміз көптеген игі істерді атқарды, тәжірибелер жинақтады. Мемлекеттің қыруар қаржысының желге ұшу фактілері де болды. Дарынды жастардың шетелдік компанияларға жұмыс істеу жайлары бар. Мұндай үдерістің арғы жағында түйткілді себептері бар екені сөзсіз. Сондықтан, осы мәселелерді зерттеу, шешу жолдарын қарастыру, іскер, білімді, ғылымға жетік жастардың өз еліне қызмет жасауы – аса маңызды. Ол үшін Мемлекет басшысы айтқандай, қолайлы жағдайлар жасалуы қажет. Заманауи жетекші ғылым салаларын өркендету, ғылыми жұмыстарға салық жеңілдіктерін қарастыру, өнеркәсіп пен ғылымның байлансын күшейту, бұл бағытта Ғылым академиясы мен ғылыми орталықтардың, жоғары оқу орындарындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын, тиімділігін, жаңашылдығын арттыруға, жұмыстың жаңаша ұйымдастырылуына баса назар аударылған. Ғылымға аса жоғары дәрежеде көңіл бөлетін уақыт жетті. Мемлекеттің өркендеуі, қуаты – ғылымда. Уақыт осыны талап етеді. Біз шикізатқа байланған елден озық технологиялы, з а м а н а у и ғ ы л ы м ы қ а р ы ш т а ғ а н мемлекетке айналуымыз керек. Президенттің талабы да осында. Ел болашағы жастардың бұған дарыны, қуаты жетеді.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры