дүйсенбі, 30 қыркүйек, 2024 8:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қымбатшылықпен күреске қарқын керек

Қымбатшылықпен күреске қарқын керек
ашық дереккөзі
Қымбатшылықпен күреске қарқын керек
Биыл Жамбыл облысында азық-түлік бағасының инфляциясы 4,7 пайызға жеткен. Әсіресе, бидай өні­мінен жасалатын тауарлардың құ­ны қараша айы келе құбылып, бұлқына түсті.
Күнделікті тұтынатын нан баға­сының 100 теңгеден 120 теңгеге өс­кені өңір жұртшылығының жа­най­қайын туғызғаны да жасырын емес. Осы орайда қандай кө­көніс құны көкке ұшты? Бағаны тұрақ­тандыру бағытында қандай жұ­­мыс­тар жаса­лып жатыр? Осы мәселеге майшам салып, тарап­тарды тыңдап көрдік. Ең әуелі бұқара бір айда азық-тү­лікке қанша қаржы жұмсайтынын біл­мек мақ­сатта тұрғындарды тілге тарт­тық. Дені­нің жауабы санаға салмақ са­лып, ойды сан саққа жүгіртті.
 – Бір отбасына айына шамамен 100 мың теңгедей кетеді. Оның өзі тауар­ды үнемдеп тұтынып, кейбір түр­лерін мүлде сатып алып алмаған жағ­дай­да. Әйтпесе, орташа бір жанұяны асы­рау үшін 200-300 мың теңгеге дейін азық-түлік алуға жұмса­лып кететіні жа­сырын емес. Алайда ондай қаржы бә­рінде бірдей бола бермейді. Сон­дық­тан балаларымыздың аузын тәтті­ден тыйып, күнделікті тұрмысқа қа­жет­ті тауар­ларды ғана алып күнел­туде­міз. Бірақ со­ның өзінде жетпей жа­та­тын жағдайлар көп болады, – дейді Та­раз қаласының тұрғыны Гүлнұр Рият­қызы.
Меруерт Сашева да бұл ойға қосы­лады. Ол тіпті жолдасы екеуі екі жақ­тап жұмыс іс­тесе де, жыртығын жамай ал­май жүргенін жасырмауда.
– Жолдасым екеуміз төрт бала тәр­биелеп отырмыз. Алайда екі жақтап жұмыс істесек те, жоғымызды түгендеу қиынға соғып жатыр. Олай дейтініміз – күнделікті азық-түліктен бөлек, балалардың киімі, сатып алатын қажетті дүниелері бар. Оған енді апта сайын баратын той-томалақты қосыңыз. Нәтижесінде, 200-250 мың айлық тапсақ та, қиналып қалатын сәтіміз көп. Сондықтан тұрмысқа ең қажетті азық-түлік бағасы тұрақты болса екен деймін, – дейді Меруерт.
Жалпы, халықтың қай деңгейде тұр­мыс кешіп жатқанымен тілдеспесек те, бір айлық азық-түлікке кемі 100 мың теңге кететінін айтады. Ал елімізде орташа ай­лық жалақы 85 мың теңге ретінде ресми көрсетілсе, сонда бір жанұяны асырау үшін айлықтың өзі жетпейтіні анық болып тұр. Мұндайда қайтпек керек? Жамбыл облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту бас­қармасының бас маманы Ельяр Құрман­бектің айтуынша, билік өкілдері тарапына азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағы­тында кешенді шаралар қолға алыныпты.
– Тараз қаласында 1-сұрыпты бидай өнімінен жасалатын нан бағасы­ның 100 теңгеден 120 теңгеге бірден қым­баттауы бұқараның шағымын туғызғаны рас. Қазір біз осы бағытта ауқымды жұмыстар жүр­гізіп жатыр­мыз. Бұйыртса, қабылданған шаралар­дың арқасында нан бағасы қайта 100 теңгеге тұрақтайды деген жоспар бар. Бұдан бөлек, өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы 7 500 тонна тауарға фор­вард­тық келісімшарт жасалды. Ол келісімге картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз сияқты әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдері кіреді, – дейді басқарманың бас маманы.
Қараша айы келе жұмыртқаның да бағасы құбылып тұр. Сауда орын­дарында кіші жұмыртқаның бір данасы 54 теңгеден сатылып жатса, үлкен­дерінің құны 60 теңгеге жеткен. Яғни, қорапқа салынған 10 жұмыртқаны алу үшін 600 теңге шы­ғындайсыз. Облыстық Кәсіпкерлік және индус­триал­ды-инновациялық дамыту бас­қар­масының мамандары бұл бағытты да назардан тыс қалдырмағанын айтады. Олардың жоспары бойынша алдағы уа­қытта жүргізілген келісім­шарттар негізінде жұмыртқаның бір данасы 49 теңгеге түседі деп отыр. Жамбылда күріш бағасы да байлауға көнбей тұр. Дүкендерде 1 келі күріш 850 теңгеден саудалануда. Ал көтерме сауда орындарында 700 теңге болса, 5 келі қаптағы күріш 3 500 теңгеден өтеді. Халық қаптап алып ұтуға тырысқанымен де, оған да аз ақша кетпейді. Тараз қаласы әкімдігінің кәсіп­керлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі берген ақ­паратқа сүйенсек, жыл басын­дағы ба­ғалармен салыстырғанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынан 4 позициясы (күріш, сәбіз, қырыққабат, сиыр еті) бойынша 14-31 пайызға қым­баттау тіркеліпті. Ал шағын дүкендердегі тауарлардың 9 позициясының бағасы (күріш, сәбіз, қырыққабат, сиыр еті, майлылығы 2,5% айран, майлылығы 72,5% кем емес сары май, І санаттағы жұмыртқа, тұз, сүзбе) 3-52 пайызға шарықтап кеткен. Осы сандардың өзі ойландыр­май қой­майды. Қазір облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы әлеуметтік маңызы бар 9 тауар бойынша 16 053 форвардтық келісімшарт жасаған. Билік өкілдерінің артып отырған сенімі де осы. Алайда аталған келісім­шарттан қандай нәтиже шығатынын уақыт көрсете жатар. Бі­рақ 9 тауарға ғана фор­вардтық келісім­шарт жасап, азық-түлік бағасын то­лық­тай тұрақтандыра алмай­тынымыз айдан анық. Оған қоса, соңғы уақытта азық-түлік бағасын негізсіз өсір­ген 62 бизнес өкіліне хаттама толтырылған. Осыған қарап-ақ сауда орындары мәмілені ұстанып, бағаны тұрақты ұстайды деп айту қиын.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар