Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі: Қазақстан мен Өзбекстан стандарттау және метрология саласындағы іс-қимыл жоспарын мақұлдады
- авторСадуақас Айсұлу
- 21 мамыр, 2025
- 197

Кездесу барысында тараптар техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау және метрология салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Саудадағы техникалық кедергілерді азайту, санитариялық-фитосанитариялық шаралар және мемлекеттік бақылау мәселелеріне қатысты ақпараттық орталықтың жұмысы - негізгі назарда болған тақырыптар қатарында.
Сонымен қатар, ұлттық стандарттарды халықаралық және өңірлік нормативтермен үйлестіру, қолданыстағы заңнамалар бойынша ақпарат алмасу және реттеуші тәжірибелерді жақындастыру мәселелері де күн тәртібіне қойылды. Бұл өз кезегінде екі елдің стандарттау жүйелерін өзара үйлестіруге бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Кездесу нәтижесінде «Қазақстандық стандарттау және метрология институты» РМК мен «Өзбек ғылыми сынақтар және сапаны бақылау орталығы» мемлекеттік мекемесі арасында 2025–2026 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Бұл жоспар нақты іс-шаралар арқылы практикалық ынтымақтастықты дамытуға, білім және тәжірибе алмасуға, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай өнім мен қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін мәлімдеп, қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы техникалық реттеу және стандарттау саласындағы серіктестікті тереңдетуге жол ашатынына сенім білдірді.