Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауда 2025 жыл - жұмысшылар жылы деп жариялады. Бұл дегеніміз, алдағы жылы еңбек адамдарының еңбегі еленіп, үздіксіз насихаттала деген сөз. Жамбыл облысында да өз кәсібін жетік меңгерген, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген еңбек адамдары жетерлік, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Президенттің айтуынша, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады.
«Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан - байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», – деді Тоқаев.
Кәсібін сүйіп, өз ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең асыл қасиеті. Өйткені, нағыз еңбек адамы ғана жанын салып жұмыс істеп, табысын маңдай терімен табары анық. Сондай жанның бірі тараздық – Жұмахан Шәкірбай. Кейіпкеріміз бұл күнде «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалында жетекші сарапшы болып қызмет етеді.
Жұмахан Айтжанұлы Тараз қаласындағы Мұқағали Мақатаев атындағы №14 мектептің түлегі. Жиырма жыл бойы жол саласында жұмыс істейтін ол талай рет таңдаған мамандығының ыстығына күйіп, суығына тоңған. Қара жолдың әрбір үтір-нүктесін жатқа білетін жан бұл салада демалыс жоқ екендігін алға тартады.
– «Адам топырағына тартып туады» деген бар. Сондықтан ең әуелі өскен ортам, тәрбие алған отбасым жөнінде айтуға тиіспін. Мен 1982 жылдың ақпан айында Тараз қаласында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келдім. Әкем Айтжан өмір бойы көлік жүргізуші болып жұмыс істеді. Ал, анам Алқа қант зауытында жұмысшы болды. Бұл күнде ата-анам құрметті зейнет демалысында. Жалпы, отбасында бес ағайынды ұл-қыз бала күнімізден еңбекке ерте араластық. Ес білгелі еңбек майданында шыңдалып, ата-анамызға қолғабыс етуге тырыстық. Мен ұлдың үлкенімін. Орта мектепті сәтті тәмамдаған соң, сол кездегі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Жол және аэродромдар құрылысы» мамандығында білім алдым. Ал, жол саласында 2004 жылдың сәуір айынан бері табан аудармай қызмет етіп келемін. Ең алғашқы еңбек өтілім жол-көпір құрылыс саласында басталды. Жалпақ тілмен айтқандай, ДМС-12 деген мекемеде қатардағы маман болдым. Кейінірек, он жыл бойы түрлі мердігер мекемелерде қызмет еттім. Оның ішінде, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының бойында, Шымкент пен Қызылорда қалаларының әуежайларында еңбек еттім. Бұдан бөлек, бес жылдан аса уақыт Маңғыстау өңірінде тер төктім. Ал, 2020 жылдың тамыз айында «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалына материалдар бойынша инженер боп орналастым. Өткен жылдың ақпан айынан бері дәл осы мекемеде жетекші сарапшымын. Негізгі міндетім – орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттаманы ведомстволық сараптамадан өткізу. Жалпы, жол саласы – инфрақұрылымның ең негізгісі. Қандай да іс бастамас бұрын алдымен жол салынып, содан кейін ғана өзге де жұмыстар біртіндеп іске асырыла бастайды. Жол салынған соң, шаруа бітті деп есептеуге әсте болмайды. Керісінше, жолдың салынып бітуімен жұмыс қыза түседі. Себебі, жол бар жерде тіршілік бар, өмір бар. Бір анығы, жол саласында демалыс деген атымен жоқ. Жолшылар жолдың бабында болуы әрі адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жыл он екі ай тынбай қызмет етеді. Тасжолға да арнайы күтім қажет екенін ұмытпауымыз қажет, – дейді Жұмахан.
Бірі білсе, бірі білмес, осыдан бес жыл бұрын яғни, 2019 жылдың мамыр айында ел Үкіметінің қаулысының негізінде «ОблЖолЗертхана» мекемелерін біріктіру арқылы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Сол жылы өңір-өңірлерде осы кәсіпорынның филиалдары ашылды. Осылайша, бұл саланың қызметкерлеріне жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау міндеті жүктелді. Айта кетейік, бұрын аймақтық зертханалар тек қана республикалық жолдардың сапасын тексеріп, оның кемшіліктерін жою жолында жұмыс істесе, кейін құрылған орталық жалпыға ортақ барлық жолдарды, соның ішінде жергілікті жолдарды да тұтас қамтиды. Кейіпкеріміз қызмет ететін өңірлік филиалда бұл күнде бас-аяғы 20 адам жемісті жұмыс істеуде. Оларға білікті басшы, жол саласында қырық жылдық тәжірибесі бар Мырзахмет Ибрагимов жетекшілік етеді.
Ал, Жұмахан Айтжанұлы бұл мамандыққа деген қызығушылық оқуға түскеннен кейін арта түскенін жасырмайды. Қызыққа толы студенттік шақтың сынаптай сырғып өте шыққанын байқамаған ол жоғары оқу орнының қабырғасында алған білімін тәжірибемен сәтті ұштастыра білді. Осы тұста жастайынан өмірден өз орнын тауып, сүйікті ісімен айналысуына қолайлы жағдай жасаған алдыңғы буын өкілдерінің еңбегі зор. Иә, кез келген мамандықтың өзіне тән қыр-сыры болары анық. Бастысы, әр адам өз саласының шын шебері болуға ұмтылса игі. Ал, өз ісін жетік білетін Жұмаханның бүгінде мамандығына деген махаббаты ерекше. Ол жұмысына бар ынта-ықыласымен беріліп, міндетін ұқыптылықпен атқарады. Нәтижесінде ұжымында сый-құрметтен кенде емес. Бәлкім, шын бақыт деген – осы болар.
Қай кезеңде де өзгелерге қашанда үлгі бола білген еңбек адамының ерен еңбегі мен әрбір жетістігі елеусіз қалмайтыны ақиқат. Себебі, әр үздік нәтиже мен күрмеуі қиын жұмыстың астарында сол бір жанның табан ақы, маңдай тері жатыр. Өкінішке қарай, біз тек кез келген істің нәтижесін көруге ғана шебер боп алғанбыз. Шынмәнінде, оның сыртында мамандыққа жан-тәнімен берілу, жұмыстың қиындығына төтеп беру әрі мүлтіксіз қызмет ету сынды сырт көзге көрінбес қаншама еңбек жатыр. Адал еңбегінің арқасында алғыс арқалап жүрген жанның бірі - Өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 мекемесі бақылаушылық бөлімінің бақылаушысы Асыл Оразбаевтың еңбек сүйгіштігі әріптестеріне қашанда үлгі. Жалпы, Асыл бала күнінен-ақ адал еңбек етуге күш салады. 1992 жылдың 6 қыркүйек күні Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылында дүниеге келген ол мектеп қабырғасында-ақ өз болашағын құқық қорғау саласымен байланыстырып үлгереді. Осылайша, Тараз қаласындағы «Парасат» колледжіне «Құқықтану» мамандығында білім алады. Ал, 2023 жылдың қараша айынан бастап ҚАЖ саласындағы еңбек жолын сәтті бастайды.
Шын мәнінде, бар ынта-ықыласыңмен кіріскен қай жұмыстың да нәтижелі болатыны бесенеден белгілі ғой. Бұл тұрғыда бүгінгі кейіпкеріміздің бағы жанды десе де болғандай. Бүгінгі таңда Асыл Қанатұлы қауіпсіздігі барыша төмен түзеу мекемесінің белді қызметкерінің біріне айналып үлгерді. Өз кезегінде ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленген жігітті сүйген жары Айгерім Расылханқызы да үнемі қолдап отырады. Қазір жұбайлардың отбасында 2 қыз, 3 ұлды тәрбиеленіп отыр.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
«1 млн. 107 600 теңге»: Жамбылдық ұстаздар ақшалай сыйақыға ие болды
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024