Қырғызстанда жаңбырдың арты селге ұласты
Құтқарушылар 420 адамды қауіпсіз жерге көшірді
Қырғызстанда толассыз жауған жаңбырдың арты селге ұласып, Ош қаласындағы бірнеше ауылды су шайып кетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан селдің күші қатты болғанын байқауға болады.
Су арық-атызды ғана шаймай, жеңіл көліктердің бойынан да асып кетті. Адамдар селдің қуатына төтеп бере алмайтынын ұғып, үйдің шатырына шығып, жанын селден аман алып қалып жатыр.
Ноокат ауданында Ош – Баткен – Раззақов жолының учаскесі жабылды. 11 шілдеде осындай тасқыннан Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы көпір қираған еді. Қауіп деңгейі әлі де жоғары. Өйткені аймақта 4 күннен бері жаңбыр басылмай тұр.
Бақ-та тарап жатқан ақпаратқа сүйенсек, табиғи апаттан зардап шеккендердің арасында шетелден келген туристер де бар.
Ал қазір елдің төтенше жағдайлар министрлігі селден қанша адам жапа шеккенін анықтап жатыр.