Қысқы Азия жүлдегерлері әлемдік додаларда топ жаруда

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Қазақстандық конькиші Евгений Кошкин кезекті ірі жеңісімен жанкүйерлерін қуантты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Польшада өткен Әлем кубогінің кезеңінде 500 метр қашықтықта үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль еншіледі.
Бұл жеңіс Қазақстан үшін тарихи маңызға ие. Соңғы рет отандық спортшылар 2011 жылы командалық спринтте жеңімпаз атанған еді. 14 жылдық үзілістен кейін Кошкин ел қоржынына алтын медаль салды.
Жарысқа әлемнің ең мықты спортшылары қатысты. Евгений Кошкин 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Лорен Дюбрель мен польшалық Марек Канияны артқа тастап, жеңіске жетті.
Айта кетейік, бұл – Кошкиннің соңғы уақытта қол жеткізген екінші ірі жетістігі. Бұған дейін ол Харбинде өткен 9-шы қысқы Азия ойындарында күміс жүлде алған болатын.
Харбиндегі Азиада жүлдегерлері әлемдік додаларда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Шорт-тректен Қазақстан құрамасы Миланда өткен Әлем кубогінде қола жүлдеге ие болса, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Сеулде өткен төрт құрлық чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл жетістіктер қазақстандық спортшылардың Азия ойындарындағы табыстары кездейсоқ емес екенін дәлелдей түсті.