
Харбин қаласында IX қысқы Азия ойындарының алауы ресми түрде тұтанды. Ашылу салтанатында Қазақстанның көк байрағын шайбалы хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова ұстап шықты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Харбиндегі Harbin International Convention and Exhibition Centre Stadium стадионында ерекше форматта өткен ашылу салтанатында жасанды интеллект пайдаланылды. Бұл бұрын-соңды болмаған технологиялық жаңалық. Салтанатты шарада жастарға көп көңіл бөлініп, 1000-ға жуық қытайлық студент қатысып, шығармашылық топқа басқа да тұрғындар тартылды.
Ашылу салтанатының қоюшы-режиссері – Ша Сяолань, Ханчжоудағы жазғы Азия ойындары мен 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының шығармашылық тобының мүшесі.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қысқы Азия ойындарында еліміздің спортшыларын қолдап, жеңіс тілей отырып, олардың жоғары нәтижеге қол жеткізетініне сенім білдірді.
Қазақстан құрамасы 1996 жылдан бастап осы Харбинде қысқы Азия ойындарына қатысып келеді. Биыл 137 қазақстандық спортшы 6 спорт түрі мен 10 дисциплинада өнер көрсетіп, 51 медаль жиынтығы үшін жарысқа түседі.
Ойынға 32 елден 1000-нан астам спортшы қатысып, 64 медаль жиынтығы үшін таласады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз