Қызылорда облысының екі мұғалімі Түркияның түнгі клубында қыдырғаны үшін жұмыстан босатылды
Қызылорда облысының екі мұғалімі Түркияның түнгі клубында қыдырғаны үшін жұмыстан босатылды
Қысқы каникул кезінде Түркия Республикасына демалуға барған Қызылорда облысының екі мұғалімі түнгі клубқа барғандары үшін жұмыстарынан босатылды. Бұл туралы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Jambylinfo. «Күнделікті қарым-қатынаста әдеп нормаларын сақтау мұғалімдер үшін үйреншікті әдетке айналуы тиіс.Өкінішке орай, ғаламторда мұғалімдердің аталған принциптерді сақтамайтындығы туралы ақпарат шығып тұрады. Бірнеше мысал келтірейін», - деген ол Қызылорда облысының екі ұстазына қатысты жағдай мен Павлодапдағы балабақшада болған оқиғаны баяндаған.
«Біріншіден, қысқы демалыс уақытында Түркияның түнгі клубтарының бірінде қыдырып жүрген Қызылорда облысының екі мұғалімінің әлеуметтік желілердегі жарияланымдары ата-аналар қауымының наразылығын тудырды. Педагогтер жұмыстан босатылды. Екіншіден, өткен жылы Павлодар облысындағы №28 балабақша-бөбекжайдың жатын бөлмесіне орнатылған бақылау камерасына тәрбиешінің балаға көрсеткен дөрекі әрекеті түсірілген. ҚР Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 14-тармақшасына сәйкес, педагог теріс себептермен жұмыстан босатылды», - деп хабарлады Дауенов.
Оның пайымынша, Қазақстандағы «Педагог мәртебесі туралы» Заң педагог мәртебесін бекітіп, педагогтің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгіледі. «Министрліктің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 190 бұйрығымен бекітілген Педагогикалық әдеп ережелерін әрбір мұғалім ұстануы тиіс. Қағидаларға сәйкес мұғалімдер қызметтік және қызметтік емес уақытта 7 қағидат пен 19 мінез-құлық нормасын сақтауға міндетті», - дейді ол.