Жаңалықтар

Зейнетақы жинақтары: 4 жылда 4,33 трлн теңге тұрғын үй мен емделуге жұмсалды

Бұл туралы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» баспасөз қызметі мәлімдеді.

  Қаражат негізінен тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсатында пайдаланылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

2021 жылғы қаңтардан 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін барлығы 2,52 млн өтініш қанағаттандырылды. Оның ішінде баспана жағдайын жақсартуға бағытталған 1 885 252 өтінішке сәйкес 3,74 трлн теңге уәкілетті оператор-банктердегі арнайы шоттарға аударылды.

«Тұрғын үй мақсатындағы біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы 1,98 млн теңгені құрады. Ең көп өтініштер Алматы (20,66%), Астана (20,12%) қалаларынан және Маңғыстау облысынан (9,47%) түсті», – деп мәлімдеді БЖЗҚ.

Емделуге байланысты 639 251 өтініш қанағаттандырылып, жалпы сомасы 593,19 млрд теңге төленді. Мұнда орташа төлем мөлшері 0,93 млн теңгені құрады. Өтініштердің басым бөлігі стоматологиялық (97,07%) және офтальмологиялық қызметтерді алу үшін берілген. Басқа медициналық мақсаттарға зейнетақы төлемдерінің тек 1%-дан аз мөлшері жұмсалған.

Сонымен қатар, 573,43 млрд теңге азаматтардың зейнетақы шоттарына қайта қайтарылған. Бұл қаражат салымшылар өтініш бермеген немесе белгіленген мерзімде пайдаланылмаған жағдайда қайтарылған.

Емделу мақсатында қаражат алуда Алматы, Атырау облыстары мен Астана қаласының тұрғындары белсенділік танытқан.