жұма, 22 қараша, 2024 19:55

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жаңа кітаптың таныстырылымы өтті  

Жаңа кітаптың таныстырылымы өтті  
ашық дереккөзі
Жаңа кітаптың таныстырылымы өтті  
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Достық» үйінде танымал айтыскер ақын, партия мүшесі Жандарбек Бұлғақтың «Sөz менеджменті» кітабының таныстырылымы өтті. Тілші-ғалымдар мен шығармашыл жастар қатысқан шараны  партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мәди Мәтен ашып, жүргізіп отырды. Өз сөзінде Мәди Мейірбекұлы «Sөz менеджменті» кітабының оқырманға, әсіресе көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдысын жетілдіргісі келетіндерге берері мол туынды екенін тілге тиек етті. –  Бүгінде «Nur Otan»  партиясының басшылығы партия атынан жергілікті мәслихат депутаты болып сайланғандардың, партия қызметкерлерінің  жұртшылықпен тығыз байланыс орнатуына баса мән береді. Бұл орайда түрлі әдістемелік құралдар, курстар арқылы жергілікті партия белсенділерінің, депутаттарының мемлекеттік тілде еркін сөйлеу шеберлігін жетілдіру үлкен мәнге ие. Танымал айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақтың «Sөz менеджменті» кітабы дәл осы талаптың үдесінен шығатын туынды деп білемін. Әдетте аудитория алдына өз ойыңды ұғынықты жеткізу, аудиторияны зерттеу мәселелері шетелдік танымал қаламгерлердің кітаптарында қана көтерілетін. Осы бір тақырыптарға ұлттық реңк беріп, қазақтың төл шешендік өнерімен ұштастырыла жазылған кітаптың қолдан-қолға өтіп, оқылатын туындыға айналатынына сенемін, –деді Мәди Мейірбекұлы. Мұнан соң кітаптың авторы Жандарбек Бұлғақ сөз тізгіндеп, туындыны жазудағы мақсат-міндетін тілге тиек етті. –  Жасыратыны жоқ қазіргі қазақ қоғамы сөйлеу мәдениетіне айырылып бара жатыр. Бір ауыз сөзбен қанды қырғынды тоқтатып, бітіспес даудың түйінін тарқататын халықтың бүгінгі ұрпағы астарлы сөздің мән-мазмұнын түсінбейді. Басқаны былай қойғанда ел алдында жүрген кейбір азаматтардың өзі екі ауыз сөздің басын құрай алмай күлкі болып жатады. Өкініштісі сол есім-сойы елге мәлім кісілердің дені шешендік өнерге баулитын шетелдік мамандардың дәрісіне қатысса да жұрт алдына келгенде тағы да пұшайман  халге түсетінін көз көріп, құлақ естіп жүр. Өйткені ең мықты деген шетелдік маманның көпшілік алдында сөйлеуде сізге ұсынатын әдіс-тәсілін қазақтілді аудитория қабылдай алмайды. Мұнда ұлттық ерекшелік деген ескеріле бермейді. Тіпті бір Қазақстанда тұрып, сонау шығыстың қазағы мен батыстың қазағының сөйлеген сөзінде айырмашылық байқалып тұрады. «Sөz менеджменті» осындай сұраныстан туған туынды. Мұнда шамамыз келгенше айтар ойды аудиториядағы әрбір тыңдаушының құлағына жеткізе білудің әдіс-тәсілдерін оқырман назарына ұсындық. Сондай-ақ адамның сөйлеуге дейінгі, сөз сөйлеу кезіндегі және одан кейінгі өзін-өзі ұстауы жайында келелі кеңестер беруге тырыстық, – деді Жандарбек Айтақынұлы. Сондай-ақ шараға арнайы қатысқан «Qazaq» радиосының дикторы, «Алтын дауыс» иегері  Мұхамедали Бұхарбаев та сөйлеу мәдениетіне қатысты ойларын ортаға салды. Таныстырылым кезінде Жандарбек Бұлғақтың ұстазы, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Тұрсынай Әбдіқадырова, облыстық мәслихаттың депутаты облыстық «Jas Otan»  жастар қанатының жетекшісі Уәлиихан Болатбектер сөз сөйлеп, кітап авторына шығармашылық табыс тіледі. Шара соңында Жандарбек Бұлғақ «Sөz менеджменті» кітабын оқырмандарына өз қолтаңбасымен тапсырды.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар