Жаңалықтар

Жаңа Салық кодексі: ҚҚС пен әлеуметтік салықтан кімдер босатылады

Келер жылы Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді.

  "Атамекен" ҰКП алаңында қабылданған құжат бойынша алғашқы жария түсіндіру жүргізіліп, қандай арнайы салық режимдері қолданылатыны айтылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  KZgovernment сілтеме жасап

Қазақстан үкіметінің Telegram-арнасындағы ақпаратқа сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев арнайы салық режимдеріне және салықтық әкімшілендірудің жаңа тәсілдеріне ерекше назар аударды.

Сағынаев жаңа кодексте арнаулы салық режимдерінің саны жетіден үшке дейін қысқартылғанын атап өтті:

өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;

жеңілдетілген декларация негізінде;

шаруа немесе фермер қожалықтары үшін.

Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ЖТС-дан босатылады және табысының 4 пайызы мөлшерінде өздері үшін әлеуметтік төлем ғана төлейді.

Жеңілдетілген декларацияның жаңа режимінде ҚҚС пен әлеуметтік салықты төлемеу мүмкіндігі сақталады. Оны күнтізбелік жылдағы табысы 600 мың еселенген АЕК-тен (2,4 млрд теңге) аспайтын, жалдамалы жұмыскер санына шектеу жоқ және қызмет түрі тыйым салу түрлері тізбесіне енгізілмеген салық төлеушілер қолдануға құқылы.

Шаруа (фермер) қожалықтары үшін қолданыстағы АСР сақталған.

Бұдан басқа, мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе Қазақстан заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша жер салығының базалық ставкалары (жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы) 20-дан 40 есеге дейін ұлғайтылды.