Жаңалықтар

Жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан 7 адам сотталды

Жаңа туған сәбилерді сатумен айналысқан 7 адам сотталды

Алматы қалалық соты жаңа туған нәрестелерді сатумен айналысқан 7 тұлғаға қатысты үкімді өз күшінде қалдырды, 

деп хабарлайды Жамбылинфо Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап. Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін сотталушылар бірінші сатыдағы үкім бойынша қылмыстық топтың құрамында кәмелетке толмаған балаларды сатып алу-сату және сыйға тарту (ҚР-нің 28-бабы, 135-бабы), ұйымдасқан топты құрғаны және оған жетекшілік еткені (ҚР-нің 262-бабы) және жалған құжаттарды бірнеше рет дайындағаны (ҚР-нің 385-бабы) үшін кінәлі деп танылған болатын.

А.-ның міндетіне қылмыстық топқа жалпы басшылық жасау, сондай-ақ туу туралы куәліктер жасау кірген. С., Е. және белгісіз әйел Э.-нің міндеттері жаңа туған сәбилерінен бас тартуға дайын адамдарды және жаңа туған балаларды асырап алуға ниет білдірген адамдарды іздеу және келіссөздер жүргізу, ақша алу және кейіннен оларды А.-ға беруді қамтыған.

Қылмыстық қудалау органы балаларынан бас тартқан аналарға және осы балаларды өздері асырап алу үшін сатып алған адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстық істер ҚК-нің 65-бабы бойынша әрекетті өкініш білдіргендері үшін тоқтатылғанын атап өткен жөн. Сотталушы әйелдер М. 1956 ж.т. – 67 жаста және Н. 1953 ж.т.  – 70 жаста, босанғаннан кейін анасы бас тартқан баланы осы сәбиді асырап алғысы келген тұлғаларға өтеусіз берудің бір эпизодына қатысқан. Осы айыпталушылар М. және Н. өз кінәларын толық мойындады, тергеу жұмысында серіктестік танытты және оларды әрекетті өкініш білдіргендері үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Сотта прокурор барлық айыптау эпизодтары бойынша айыптауды қолдап, соттан айыпкерлердің барлығына 9 жылдан 16 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот үкімімен А., С. және Е. қылмыстық топ құрамында кәмелетке толмағандарға қатысты мәмілелер жасасқаны үшін тағылған барлық айыптар бойынша кінәлі деп танылды және сотталды: А. – 14 жыл, ал С. және Е. – әрқайсысы 12 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. А. ҚК-нің 385-бабының 1 және 2 бөлімі бойынша айып тағылған 11 эпизодтың алтауы бойынша ("құжаттарды қолдан жасау") қылмыстық құқықбұзушылық құрамының дәлелденбегені үшін ақталды. Г. және Б.   ҚК-нің 135-бабы 2-бөлімі 1-тармағы бойынша кінәсіз деп танылды және қылмыстық құқықбұзушылық құрамының жоқтығы үшін ақталды; Б. ҚК-нің 190-бабы 1-бөлімі ("онша ауыр емес") бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, сондай-ақ жаза мерзімінде қамауда ұстау мерзімін есепке жатқызу қағидаларына сәйкес өтеліп қоюына байланысты оны өтеуден босатылды. М. және Н.  кінәлі деп танылды және ҚК-нің 65-бабы бойынша әрекетті өкініш білдіргендері үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Жергілікті білім басқармаларына қолданыстағы заңнамаға сәйкес заңсыз асырап алынған балалардың тағдырын анықтау туралы жеке қаулы жіберілді.