дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 9:04

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жаңатас жаңғыру жолында

Жаңатас жаңғыру жолында
ашық дереккөз
Биыл Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласының құрылғанына 55 жыл. Тарихқа зер салсақ, 1969 жылғы 25 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысымен Жаңатас ауданға бағынатын қала мәртебесін алды. Ал 1971 жылы 13 тамызда облысқа бағынатын қала санатына қосылды. Міне, осылайша кеншілер шаһары аз уақытта-ақ аяғына нық тұрып, атағы алысқа тараған қалаға айналды. Мұнда одақтас мемлекеттердің түкпір-түкпірінен жұмысшы мамандар жиналып, екпінді құрылыстың көркін қыздырды. Таулы жерде орналасқанына қарамастан, Жаңатаста әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бірінен кейін бірі пайдалануға беріліп жатты. Халық саны да едәуір артты. 1989 жылы мұнда 57 мың адам тұрған дегенге бүгінде біреу сенеді, біреу сенбейді.

   Иә, тоқсаныншы жылдардағы экономикалық ауыртпалықтар Жаңатас қаласына да оңай соққан жоқ. Айлық жалақыға қол жеткізе алмаған кеншілердің теміржолды жауып, ереуіл жасағаны да осы кезең еді. Дегенмен түйткілдің түйінін тарқату мақсатында мемлекет тарапынан тиісті шешімдер қабылданды. 1997 жылы Президенттің Жарлығымен Жаңатас қаласы Сарысу ауданының орталығы болып бекітілді. Химия өнеркәсібінің көшбасшысы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңатастағы алып комбинаттың жұмысын өз қолына алып, ауқымды инвестиция салуы ахуалдың оңалуына, әлеуметтің әлеуетінің артуына өз септігін тигізді. Бұдан бөлек моноқалаларды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы кеншілер шаһарының екінші тынысын ашқандай болды.Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң талаптарына сәйкес Жаңатас қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту жолында бірқатар жұмыс атқарылып келеді.Қала экономикасының қарқынды дамуының негізі өңдеу өнеркәсібімен тығыз байланысты. Шаһардың әлеуметтік -экономикалық дамуы халық саны мен жұмыс орындарының көбеюіне  тікелей әсер ететіндігі сөзсіз. Ал  өндіріс көлемі үлкейген сайын инфрақұрылым жүргізу мүмкіндігі де арта түседі.Осы орайда айта кету керек, қазіргі таңда қалада 5 ірі өңдеу өнеркәсібі тұрақты жұмыс істеуде. Нақты тоқталсақ,  «Қазфосфат» тау-кен өңдеу кешені,  «Еврохим», «Асыл тұз» соляная компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері,  «Жарас» мұнай өңдеу,  «Тараз көлік жолы» асфальт өндіру зауыттары жергілікті жұртшылықты жұмыспен қамтып қана қоймай, қазынаға да қомақты салық түсімдерін құюда.  2024 жылдың 6 айында аудан бойынша  өндірілген өндіріс көлемі  40 651,2  миллион теңгені құрады.  

Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, қала бюджеті 1 266 858,0 мың теңге деңгейінде қалыптасты. Жартыжылдық қорытындысымен игерілген қаржы көлемі – 388 958,0 мың теңге. Салықтық және салықтық  емес түсімдерден түскен кірістер бөлігі 175 836,0 мың теңгеге орындалды.Бүгінде салық түсімдерінің артуына байланысты Жаңатас қаласында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биылдың өзінде  қала аумағында 15 бюджеттік жоба іске асырылды.  Мысалы,  2-ықшамаудандағы №6 көпқабатты тұрғын үйдің алдындағы тірек қабырғасы нығайтылды.  Сонымен қатар 3- ықшамаудандағы  №1, 3, 22, 26, 23/5, 50, 51 көпқабатты тұрғынүйлердің қасбеті боялды. Сондай-ақ Бүркітті елді мекеніндегі жасыл белдеуге ағаш отырғызылды. Бұдан бөлек қала бойынша құрғақ ағаштарды кесу жұмыстары атқарылды. 1 миллион 788 мың теңгеге қала бойынша тротуарларды  жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол сияқты «Жаңатас қаласы әкім аппараты» ғимаратының жанына төлқұжат орнатылды.Атқарылып жатқан шаруалардың реті мұнымен шектелмейді. 1 миллион 198 мың теңгеге  қала бойынша  топырақ пен көң тыңайтқыш төсеу жұмыстары атқарылды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала көшелерінің  дренаждық тесіктеріне торлар орнатылды.  Жаңатас-Саудакент бағытындағы жолдың бойына, Жібек жолы, Әулиеата көшелеріне орнатылған жарықшамдар ағымдағы жөндеуден өтіп, паннолар қойылды. 16 миллион 408 мың теңгеге жолдардағы шұңқырлар жамалып, жол сызықтары жаңартылды. 5 миллион 674,5 мың теңгеге жасанды жол кедергілері мен жол белгілері орнатылды. 

Ал 7 миллион 362,1 мың теңгеге көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен шатырларына, жеке секторлардағы үйлердің қораларына және аулаларына зиянкес жәндіктерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.Жыл соңына дейін тағы да біршама  жұмыс жүзеге аспақ. Оның ішінде  Ы.Алтынсарин, Шоқай датқа, Клачков, Бижанов, Ш.Уәлиханов, Құрманғазы, М.Бәпиұлы, С.Есова, И.Панфилов, Ш.Әлжанұлы, Т.Басенов, А.Порох, Т.Бигелдинов көшелерін жарықтандыру жоспарланып отыр. Қаладағы саябақтарды, аллеяларды, скверлерді күтіп ұстауға 60 миллион 984 мың теңге қарастырылған. 109 миллион 407 мың теңгеге орталық алаң абаттандырылуда. Сонымен қатар Әулиеата және Сағындықов көшелері,  «Балалар» саябағы, 2- ықшамаудандағы №6, 8 көпқабатты тұрғын үйлердің алды абаттандырылып, жаңа кейіпке енеді. Ә.Молдағұлова көшесіне балалар ойын алаңшасын орнатуға да көңіл бөлініп отыр.Биылғы  7 шілдеде толассыз жаңбыр жауып, оның соңы көптеген қиындық туындатқаны белгілі. Табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғын үйлерге көмек беру және нысандарды қайта қалпына келтіру бойынша  да  талай тірлік тіктелуде. Қазіргі таңда  Ы.Алтынсарин, К.Байсейітова, Ш.Құдайбердиев көшелеріне лоток салу, дегерес және шағынқабатты ғимараттар (МЭЗ) елді мекендерінің көшелеріне қиыршық тас пен асфальт төсеу, Аяпов, Құдайбердиев көшелерінде арық қазу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 1 миллион 830,5 мың теңгеге көше жарықтары қайта қалпына келтіріліп жатыр. Ал төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен 53 үйді қайта қалпына келтіру мақсатында 164 миллион  841,8 мың теңге игерілуде.  

Бұқараны баспанамен қамту да басты назарда. Қазіргі таңда қаладағы тұрғын үй кезегінде 1 557 азамат тіркелген. Тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 1,9 миллиард  теңгеге 80 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына арналған жоба әзірленді. Яғни 6-ықшамаудандағы №16, 17 үйлерді халық игілігіне ұсыну көзделіп отыр. Оған қоса, 2-ықшамаудандағы №32 үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.Инфрақұрылым жүйелеріне тоқталатын болсақ, ұзындығы 61,2 шақырым  болатын 76 көшенің 42-сі толық асфальтталған. Қалған 34 көшеге газ құбырлары жүргізілген соң орта жөндеуден өткізу жоспарлануда. 48 көшеге (63 пайыз) жарықшамдар  орнатылған.Қаламызды абаттандыру, тазалығын қамтамасыз ету – біздің басты мақсатымыз. Бүгінде қала тазалығына 7 арнайы техника, 39 ақылы қоғамдық жұмысшы жұмылдырылған. Көктемгі екі айлық тазалық жұмыстарының барысында қала көлемінде 10,2 шақырым арықтар тазаланып, шамамен 195 тонна күл-қоқыстар шығарылды. Демалыс орындары мен саябақтарға 3 950 түп тал мен 50 760 дана гүл көшеті отырғызылды.Біздің мақсатымыз – елмен тығыз араласу, халыққа мемлекеттік қолдауларды кеңінен жеткізіп, өзекті мәселелерді шешу жөнінде тиісті шаралар қабылдау болып табылады. Осы бағыттағы жұмысымызды одан әрі жандандырып, аянбай қызмет ете беретін боламыз. 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар