Жақсыбек Құлекеев жаңа қызметке келді
Жақсыбек Құлекеев жаңа қызметке келді
Оқу-ағарту министрлігі жанынан ардагерлер кеңесі құрылды. Бұл туралы елордада өтіп жатқан республикалық тамыз кеңесінде аталған министрліктің басшысы Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды Жамбылинфо ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«Күні кеше отандық білім беру саласына еңбегі сіңген, беделді азаматтардың басын қосып, Министрлік жанынан Республикалық ардагерлер Кеңесін құрдық. Кеңес мүшелерінің ашық дауыс беруі нәтижесінде әріптесім, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Құлекеев Жақсыбек Әбдірахметұлы төраға болып сайланды», - деді Ғ. Бейсембаев.
Осы орайда министр мұндай кеңестер мектептен облысқа дейін елдің әр өңірінде құрылуы тиіс екенін айтты.
Сонымен қатар ол мұғалімдердің 63 пайызы жаңа жүйе аясында негізгі жалақыға қосымша ақы алып жатқанын жеткізді.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес барлық педагогтердің еңбек жағдайлары жақсарды. «Педагог» кәсіби стандарты педагогтың үздіксіз кәсіби дамуына ықпал етеді. Оның негізінде педагогтарға, аттестаттауға және біліктілікті арттыру жүйесіне қойылатын талаптар қайта қаралады. Еліміздің 620 педагогы 2012 жылдан бастап «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы атанды және оның нәтижесі бойынша 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы алды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектеп педагогтарының жалақысы тағы 25 пайызға өсті. Қазір 217 мың (63%) мұғалім жаңа жүйемен аттестаттау қорытындысы бойынша негізгі жалақыға қосымша ақы алады», - деді ведомство басшысы.