Жалғыздың қалі - мүшкіл
Жалғыздың қалі - мүшкіл
Тылсымға толы жалғыздықтың мәні неде деген ой маза бермейді. Қоғамдық орындарда, мектепте, университеттің аясын, гүлденген саябақты кезіп жүріп өзіміз байқамайтын құбылыс - өз орнын қоғамда таба алмай сергелденге түскен азаматтарды байқаймыз. Жастардың ойынша, жалғыздық бостандықтың синонимі, ойлары мен дененді бір қалыпқа түсіруге күш беретін шытырман сезім. Әлеуметтік желі беттерінде Шопенгауэрдің «Ақылды адамдардың жалғыздықты ұнататын себебі, олар ақымақтардың даңғаза тірлігінен қашады» деген қанатты сөзімен өздерін алдап жүргені тағы бар. Бәлкім мәселе жалғыздықты әр пенденің сан түрлі қилы философия бейнесінде қабылдайтынында болар? Адам баласы ежелден бірге топтасып, алдағы күнін топпен жорамалдап, қорегін байыпен қармағына түсіргенін ескерсек, сірә, Аристотель атамыздың «Адам – әлеуметтік жануар» деген тұжырымы рас шығар.
Ежелде грек халқы бұл феноменді меланхолияға теңеп, пенденің денесінен қара түсті сұйықтық ағады деп сенген. Ал психолог маманы Холт-Лунстад: «Жалғыздық екі формада өмір сүреді. Біріншісі – өзінен кемшілік көру, достарының арасында әдейі бөліну. Екіншісі – адамның бейсаналы тұрғыдан тыныштық іздеуі», - дейді. Технология кідірместен дамып бара жатқан тұста қарым-қатынас пен жылы сезім құндылығы артта қалды. Әлеуметтік желі екінші досқа, сымсыз байланыс құралы қолдан айырылмас қажеттілікке айналып, кездесіп қол алысу, қызықты оқиғаларды көзбе-көз бөлісу сиреп кетті. Бұған себепші тек техника емес, біздің ортамызға салғырттық танытуымыз. Күн сайын телефонға телміру жалғыздық емес, жаһанданумен туындаған қасірет.
"Анаға тағзым" орталығының психолог маманы Намызбекова Аида Баялықызы адамдардың бір-бірімен араласуы маңызды деп санайды:
«Кішкентайынан ата-анасы, ортасымен байланысқа түспеген балалар өз ойын жеткізу және эмоциясын сыртқа шығаруда қиналады. Әлеуметтік желілерге байланған жастар кітап оқуға, көбірек ізденуге тырыспайды. Мысалға, жастар арасында қазір сөздік қор аз, ал тіл - коммуникация орнатудың құрамдас бөлігі », - дейді психолог маман. Мотивациялық кітаптар мен жазушылардың қысқа қанатты сөздерін оқып алып, әңгіменің байыбына жетпей, жастар жалғыздықты тау шыңына теңеп алды. Шынайы жалғыздық меңінше, бұл басына іс түскен кезде ойының жинақы болуы, көпшілік ортасында өз ойынды қысылмай еркін жеткізу, қоғамнан қашу емес. Отбасы және құрдастарымен байланысын үзбеген, бірақ та рухани жан дүниесіне аса мән беретін сыршыл жан.
Санаңызды күрмелеген өкініш кернесе, айналадағы жандармен бөлісуден қорықпаңыз. Бірігіп көтерген жүк жеңіл деген қазақ даңалығы. Пенде болғасың, бәлкім, кейде үнсіз тыныш жалғыздықтан ләззат алғымыз келеді. Алайда қабырғаның арғы бетінде де өмір барын ұмытпағанымыз жөн. Адамды түсінетін жалғыз жан адам ғана.
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік унивеситеті
конвергенттік журналистика факультетінің
3 курс студенті
Әбдіқайымова Жанел