Жалақы емес, тыныштық керек. Қазақстандық жұмысшылардың талап-тілегі НЕГЕ күрт өзгеріп кетті?
Жалақы емес, тыныштық керек. Қазақстандық жұмысшылардың талап-тілегі НЕГЕ күрт өзгеріп кетті?
Бұл өте қызық тренд және ол туралы Қазақстанның HR қауымдастығы әзірлеген «Мемлекеттік, квазимемлекеттік және жекеменшік сектордағы адам ресурстарын басқару саласының рөлі» атты зерттеуде көрсетіледі. Зерттеуге орай, 2013 жылы жалақыны көтерудің маңыздылығы басқа ұсыныстарға қарағанда басымдау болып келді. Яғни, қазақстандықтарды қызықтыратын ең бірінші мәселе – ақша еді. Сол жылдары «Жалақыны көтерсін бе, әлде жұмыс беруші тегін оқытсын ба?» деген сұраққа қызметкерлердің 56 пайызы жалақының өскенін қолдап дауыс берген. Ал жалақыны инновациямен қарсы қойғанда 65 пайызы жалақыны таңдаған. Жұмыс орнындағы жылы атмосфера мен жалақыны салыстырғанда, қызметкерлердің 69 пайызы жалақыны қош көрген. Бұл – жеті жыл бұрынғы жағдай. «Ал 2020 жылы жағдай өзгерді», - дейді, зерттеу авторлары. Енді бұл жолы қызметкерлер үш бағыттың біреуінде ғана жалақыны таңдаған. Сұрауға қатысқандардың жартысынан көбі жалақының өскенінен көрі компаниядағы оқыту мен инновацияны дұрыс деп шешкен. «Ұжымдағы жайлылық «бұл жерде бәрі тұрақты, мен ұзақ жұмыс істей аламын» деген сезім қалыптастырады және адамдарға сонысымен жағады», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.
Ал еңбек ресурстары бойынша кәсіби маман Гаухар Ақмурзинаның пікірінше, адамдар бұл жерде жайлылыққа қарағанда жұмыс берушінің есебінен кәсіби білімін жетілдіріп, ары қарай мансап сатысымен өсуді қалап отыр. «Қазір кәсіби білімді үздіксіз жетілдіріп отыру адамның ортадағы құндылығын арттырады және өзі қалаған жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді», – дейді Гаухар Ақмурзина.
Зерттеу барысында біздің HR мамандар алдарына қойып отырған мақсаттар мен трендтердің әлемдегі трендтерден мүлде алшақ екені байқалған. Бұл жалпы отандық HR саласының өз қазанында ғана қайнап жатқандығын анғартып отыр. Демек қазақстандық HRға әлемдік тәжірибені енгізу қарқынын күшейту қажет. Бір қызығы, біздегі адам ресурстарын дамытудың өркениетті формаларын енгізуге көп тұста компаниялардың топ-менеджменті кедергі болатыны анықталған. Сондықтан кез-келген өзгеріс пен реформаны төменнен емес, жоғарыдан бастау қажеттілігі қазір анық білініп отыр.