Жалпылама сөз, жауап қабылданбайды- Н.Нұржігітов
Жалпылама сөз, жауап қабылданбайды- Н.Нұржігітов
Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштер 51,8 мың гкал-ға және 6,0 мың текше метрге артқан. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты айтылды. Басқосуда қысқы жылыту маусымының аяқталу барысы, алдағы жылыту маусымына әзірлік жұмыстары, жылыту жүйелерінің жағдайы, жылу қазандықтарын газға ауыстыру, «ЖЭС» кәсіпорынының инвестициялық жобалары секілді мәселелер қаралды. Алғашқы болып баяндама жасаған энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев өңірдегі 9 жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандықпен жалпы 1 737 әлеуметтік нысан, 1650 көпқабатты тұрғын үй жылытылғанын жеткізді. Тиісті кезеңде жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде 1-ші сипаттағы авариялық жағдайлар мен технологиялық бұзушылықтар тіркелмеген. Басқарма басшысы қазіргі таңда барлық отын-энергетика кешендерімен алдағы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралар жоспары бекітілгенін, биыл 11,7 шақырым жылу желілерін жөндеу жұмыстары жоспарланғанын жеткізді. Аймақ басшысы алдығы жылыту маусымына жан-жақты сапалы дайындалу керектігін, ешқандай олқылыққа жол берілмеу тиістігін атап өтті.
Облыс әкімі газға қосылған елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың қазандықтарын көгілдір отынған ауыстыру тапсырмасының орындалуын сұрады. 2021 жылы 156 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газдандыру іс-шаралар жоспары бекітіліп, бүгінгі күнге 50 нысан қазандықтары газдандырылса, бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыру үшін 2025 жылға дейінгі Жол картасы бекітілген. Соған сәйкес, бірінші кезекте газдандыру қажет ететін 195 қазандықтың тізімі жасақталған. Ағымдағы жылы 36 нысан жоспарланып, бүгінгі күнге 25 жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Сондай-ақ, Құдайберген Қорғанбаев алдағы жылыту маусымына Тараз қаласының жылу желілерін сапалы дайындау үшін ағымдағы жылы толық 30 күнге ыстық судың берілуін уақытша тоқтатып, гидравликалық сынау жұмыстарын жүргізу қажеттігін ұсынды. Бұл ретте, облыс әкімі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы алдын-ала қала тұрғындарын хабарландырып, ескертудің маңыздылығын атап өтіп, олардың қаншалықты түсіністік танытып отырғандығын саралауды тапсырды. Кеңес барысында «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-інің бас директоры Жұмағали Сабалақов, Тараз қаласы мен бірқатар аудан әкімдерінің есептері де тыңдалып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді.