Жамбыл футболы қайта жанданбақ
Жамбыл футболы қайта жанданбақ
Футболдан еліміздің чемпионаты қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» ФК жаттықтырушылары және ойыншыларымен кездесті. Кездесуде аймақ футболын дамыту стратегиясы туралы жан-жақты сараланды. Біркездері «Тараз» Қазақстанның үздік командасы деп танылған сәттер де болған-ды. Өкінішке орай, соңғы жылдары клуб республикалық аренадағы өз позициясын айтарлықтай жоғалтып алды. Бердібек Сапарбаев жүздесуде Жамбыл футболын дамытудың егжей-тегжейлі бағдарламасын ұсынды. – Біз балаларды оқытумен қатар футболдың қыр-сырына баулитын мектеп-интернатын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, балалармен жұмыс істейтін жоғары білікті жаттықтырушыларды тартып, академия құру қажеттігіне назар аударудамыз, - деді Бердібек Сапарбаев. Алдыңғы басшылық өзіне жүктелген міндетті еңсере алмады, ендігі ол міндет клуб басшысы Талғат Тұрлыбайұлы бастаған спорт функционерлеріне жүктеліп отыр. Бүгінгі таңда командада да, жаттықтырушылар құрамында да үлкен өзгерістер орын алған. Команданы УЕФА PRO бапкерлік лицензиясына ие және Арменияның ұлттық құрамасымен нәтижелі табыстарға қол жеткізген тәжірибелі маман Вардан Минасян басқармақ. Ол өз кезегінде Чехия, Дания, Словакия, Македония сияқты мықты ұлттық құрамаларды жеңіп, Еуропаны шулатқан еді. Кездесуде сөз алған Вардан Минасян команда құрамы 60-70 пайызға жаңарғанын тілге тиек етті. Дәлірек айтсақ, чемпионатқа қатысатын 25 футболшының 18-і Жамбыл футболының тәрбиеленушілері. «Біз ешкімге оңай алынатын қамал болмаймыз», - деп атап өтті армян маманы. Қазір премьер-лигада 14 команда бар, демек кубоктық ойындарын есептемегенде 26 ойын болады. Қызылордаға барып келгеннен кейін «Тараз» өз алаңындағы алғашқы матч ретінде 19 наурызда петропавлдық «Қызылжарды» қабылдайды. Ойын Орталық стадионда өтеді деп көзделуде. Міндеттерге келетін болсақ, «Тараз» кем дегенде алтыншы орынға ие болуы тиіс. Сонымен қатар, Қазақстан кубогы үшін таласу міндеті де қойылып отыр. Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев командаға жаңа жайлы автобус сатып алынатынын, облыс басшылығы өз алаңымызда өтетін барлық матчтарға қатысатынын айтып, команданы қолдауға уәде берді.
Фарида СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ