жұма, 22 қараша, 2024 14:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасуда

Жамбылда  «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасуда
Фото: jambylinfo.kz.
Жамбылдықтар акция аясында жұмыла жұмыс істеп жатыр

Жамбыл облысында республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы кең көлемде өтіп жатыр. Акция аясында облыстың барлық аудандарында қоғамдық орындарды, көшелерді, базарлар аумағын, су айдындарының жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Акция аясында  қазақтың көне салты «Асар» дәстүрі қайта жаңғырды деуге болады. Соның бір дәлелі ретінде,  ағымдағы жылдың 7 шілдесі күні Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшедегі 400-ден астам үйдің ауласы, 47 үйдің іші мен 1 мектептің жертөлесін су алып, бұл жергілікті тұрғындарды әбігерге салған болатын. Ағын сумен бірге қырдағы тал-дарақтар мен қоқыстар, ауыл көшелерін басып қалды. Осыған орай, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қазақтың ежелгі салтымен «Асар» дәстүрі қолға алынды. Яғни, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарының еріктілері зардап шеккен көшелерді асарлатып тазалау жұмыстарын жүзеге асырды. Оған 150-ге жуық азамат қатысты.

Бұл жөнінде Сарысу аудандық жастар орталығының директоры Асылжан Пазылбеков былай дейді.

– «Ағын судың салдарынан ауылдағы ағайынның әбігерге түскені рас. Көше толы топырақпен тал-дарақты тазалау оңайға соққан жоқ. Осы орайда, қазақтың көне дәстүрі негізінде асарлатып келіп жатқан өзге аудандағы бауырларымызға алғысымызды білдіреміз. Қандай қиындықты болмасын ауыз біршілікпен еңсерген еліміздің болашағы жарқын бола берсін» - деді.

Сонымен қатар акция шеңберінде Талас өзенінің жағалауын қоқыстардан тазарту жұмыстарына волонтерлар тартылды. «Жастар Таза Қазақстан үшін!» экологиялық акциясына 200-ден астам жастар  жағалаудағы шашылып жатқан пластик қалдықтарды жинап, 400 қап қоқысты арнайы орынға апарып төккен. Акция барысында жастарға қоршаған ортаның ластану проблемасына, өлкеміздің табиғатын сақтаудың және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын түсіндіруге үлкен мән беріліп отырғанын атап өткен жөн.

"Жаңа Қазақстан" акциясы Тараз қаласының көрін ашуда үлкен үлес қосып отыр. Атап айтқанда  «Көктем» алқабында, Байзақ, Қордай, Сарысу аудандарындағы облыстық және аудандық деңгейдегі жолдардың бойында, саябақтарда орталық көшелерде қураған шөптерді шабу жұмыстары өткізілді.

Тұрғындар арасында тазалық мәдениетін артыру мақсатында белсенді азаматтардың, волонтерлардың қатысуымен Тараз қаласындағы Талас өзені мен Жуалы ауданындағы Теріс өзені, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының Нұрлыкент, Қызыларық ауылдарындағы жағалаулары бойындағы қоқыстардан тазартылып, белсенді қатысушылар марапатталды.  Сонымен бірге, Жамбыл ауданы, Аса ауылында волонтерлар арасында конкурстар, Талас ауданында «Таза көше», «Таза аула» байқаулары өткізілді. Конкурстарға аула тұрғындары қатысып, белгіленген аулалар сынға түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байзақ ауданының Қостөбе және Сарыкемер ауылдық округтерінің аумағында белсенді азаматтар, еріктілер, депутаттар Тараз-Сарыкемер жолының бойы, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, көгалдарды (газон) шабу жұмыстарын жүргізді.

Қордай ауылының кіре берісінде орналасқан «Барыс-2» базары негізгі сауда нысаны болғандықтан, әрі өзге аймақтардан ауыр жүк көліктері көптеп келгендіктен базар аумағы қоқысқа толып жатады. Осыны ескеріп, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға ынталандырып, таза әрі жайлы орта құруға бағыттау мақсатында жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Еріктілер мен жергілікті тұрғындар базар аумағын қоқыстан тазартып, жол бойындағы және сауда орындарындағы аймақтарды ретке келтірді. Сондай-ақ, қатысушылар базар маңайындағы жасыл аймақтарды суғарып, ағаштар мен гүлдерді ретке келтіру жұмыстарын атқарды.

Айта кетейік, бүгінгі күнге Жамбыл облысында акция аясында 320 мың м2 әуежай, теміржол, автобекеттер мен автобус парктерінің іргелес аумақтары, 206 мың м2 отын-энергетика кешендерінің, 108 мың м2 емдеу орталықтарының, 508 мың ш.м. оқу орындарының, 280 мың м2 орта және шағын кәсіпорындардың аумақтары тазартылды, 818 шқ каналдар мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй аулалары мен 4,5 мың шқ көшелер тазаланып, 12 мың тонна қоқыс шығарылған. Сондай-ақ, 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылса, 2,4 мың тал ағаштары санитарлық бұталанып, 455 мың м2 жасыл желектер суғарылды. Бщұған қоса, 60 тарихи-мәдени ескерткіштер мен 143 саябақ, сквер аумақтарды тұрақты қоқыстардан тазалануда. Бұл жұмыстарға жалпы 910 бірлік техника жұмылдырылған.

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар