Жаңалықтар

Жамбыл облысында 2025 жыл – кітап оқу жылы болып жарияланды

Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев айтты

Жамбыл облысында 2025 жыл – кітап оқу жылы болып жариялануына орай «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
 
Аталған жобаның ашылу салтанатын облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған. 

Жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, республика мен облысқа танымал ақын-жазушылар, Жамбыл облыстық пен Тараз қалалық ардагерлер Кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, облыстық Билер Алқасының төрағасы мен мүшелері, ардагер журналистер қатысты.

Салтанатты шарада Ербол Қарашөкеев кітаптың маңыздылығын атап өтіп, Жамбыл облысында 2025 жыл – кітап оқу жылы деп жариялады. 

Бұдан кейін облыстық журналистер одағының төрағасы Жаңабай Миллионов сөз алып, кітап оқуды жастар арасында кеңінен насихаттау керектігін айтып, аталған жобаның ел болашағы үшін маңызы зор екенін жеткізді. 

Сонымен қатар, бірқатар ақын-жазушылар ортада ақыл-ойдың кені жөнінде ойларын ортаға салып, жобаның сәтті, нәтижелі болуына тілектестігін білдірді. 

Бұдан соң облыстағы елімізге белгілі бірқатар тұлғаның кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.