Жамбыл облысында 24 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде
- авторjambylinfo.kz
- 19 қыркүйек, 2024
- 330
Сондай-ақ 125 бірлік медициналық жабдық, 30 санитарлық автокөлік сатып алынады деп жоспарлануда. 2023 жылы облыста 17 медициналық нысан пайдалануға берілді, оның ішінде облыстық онкологиялық диспансер, Шу ауданындағы балаларға арналған оңалту орталығы бар. Сонымен бірге 11 нысан күрделі жөндеуден өтті. 446 дана медициналық жабдық және 40 санитарлық автокөлік сатып алынған болатын.
Нәтижесінде емдеу мекемелерінің медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі 96,6 пайызға (91,9%-дан) дейін жетті.
Айта кетейік, өңірде 391 денсаулық сақтау нысаны халыққа қызмет көрсетеді.
Т.Рысқұлов ауданы Луговой ауылында – он мыңға жуық адам тұрады. Оның ішінде ауылдық емханаға 9512 халық тіркелген. Сондай-ақ, 6420-сы ересек болса, 1800-і 14 жасқа дейінгі балалар. Айта кетейік, тұрғындардың денсаулығын қарап, сырқаттанса тиісті ем-домын жасау мақсатында ауылдық емханада 49 медицина қызметкерлері жұмыс істейді.
– Емханамызға осыдан 6 жыл бұрын жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Заман талабын сай барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген екі қабатты емхананың сыйымдылығы 75 орынға арналған. Халықтың денсаулығы үшін қызмет ететін мамандарымыздың алтауы жалпы тәжірибелік дәрігер болса, бір акушер-гинеколог, бір психологымыз бар. Қалған 33 қызметкер орта буынды мейірбике. Мұндағы дәрігерлердің бесеуі жоғары дәрежелі, екеуі 1-дәрежелі мамандар. Адам өмірі үшін қызмет көрсететіндіктен денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің жұмыс тәжірибесі маңызды ролге ие. Біздің ұжымдағы барлық мамандардың жұмыс өтілі 20 жылдан асады, – дейді емхананың бөлім меңгерушісі Айгерім Шайлаева.
Емхананың аға мейірбикесі Қалдыкүл Нұрсейітова ауруханың ішін, сондай-ақ өз зертханасы да барын көрсетіп, ішкі жұмыстарымен таныстырды.
– Білесіздер, денсаулығына шағымданып дәрігердің алдына келген науқас әуелі анализ тапсыруға жіберіледі. Яғни, науқасқа нақты диагноз қою үшін талдау жасалады. Зертханашы Гүлжан Болысбаева күнделікті таңертеңімен жұмысын бастап, науқастардан аш қарында алынатын талдауларды қабылдайды. Сонымен қатар, емханаға өз аяғымен келетін науқастардан бөлек жаңадан босанған келіншектер, өзі жүріп-тұра алмайтын науқастар болады. Емханаға қарасты ауыл халқы тұрғылықты жеріне қарай 6 аймаққа бөлінген. Соған қарай емханаға өздігінен келе алмайтын науқастарды аймақтық мейірбикелеріміз Раушан Ибрагимова, Ардақ Рәпілбаева, Гүлмира Рсалиева, Айман Байкүшікова, Арайлы Кемерова, Шолпан Мұсылманқұлова үйлеріне барып, денсаулықтарын қарап тұрады. Акушер-гинеколог Рано Толықбаевамен бірге акушер Меркель Рысалдиева жүкті және жас босанған келіншектердің, болашақ аналардың денсаулықтарын қарайды. Олар жасөспірім қыз балалардың да саулығына назар аударып, болашақта дүниеге дені сау ұрпақ әкеліп, өз ағзасын да күтіп-баптауына қажетті кеңес беріп отырады. Дені сау бала дені сау анадан туылатыны бәріне белгілі. Бақытты бала болашақта жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасатыны ақиқат. Ал, бақыты бала бақытты ананың алдынан шығатыны да анық. Біздің мамандар осыны ескеріп, қызмет етеді. Қазіргі уақытта да акушер-гинеколог маманымыз жатыр мойны обырының алдын алатын екпені 11 жастағы қыз балаларға салу ісін жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, емханамыздың екпе мейірбикесі Гүлжанар Абдуллаевамен бірге қосалқалы мейірбике Әсел Аманқосова да қауіпті дерттердің алдына алатын вакциналарды уақтылы егіп, қатердің бетін қайтаруда қызмет етіп жүр, – дейді аға мейірбике Қалдыкүл Әшімжанқызы.
Бұл ауруханада күндізгі стационарда емдеу қызметі де жүргізіліп тұрады. Онда 5 төсек орын болса, осында айына 40 науқас жатып, ем алады. Бөлім меңгерушісі Айгерім Базарбайқызының айтуынша, «Д» сынақтағы артериялық қан қысымымен, қант деабитімен, өкпе ауруымен, асқазан-ішек жолдарының ауруларына шалдыққан 248 науқас есепте тұрады. Олардың бәрі жылына 3 рет дәрігерлердің қабылдауына келіп, қаралады .
Мұндағы емханада медициналық қызметкерлер жақында жарияланған Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ұлт саулығын нығайтуға қажетті тапсырмалармен таныс.
Мемлекет басшысы биылғы жолдауында Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек екенін айтқан.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді. Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды", - деген еді Президент.
Сондай-ақ мемлекет басшысы бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс екенін атап өткен.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз