Жамбыл облысында 41 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Жамбыл облысында 41 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Жамбыл облысында пайдаланылмай жатқан 41 мың гектар жер мемлекетке кері қайтарылды. Бұл туралы облысы әкімі Бердібек Сапарбаев мәлім етті. «Биыл облыста 768,5 мың гектер жерге егін егілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 47 мың гектарға артық. Сондай-ақ, егістік жер көлемін арттыру мақсатында түркиялық инвесторларымен бірлесіп таңқурай мен құлпынай егілді. Және өңірімізде алғаш рет 868 гектар жерге рапс дақылын өсіру де қолға алынды», - деді Б. Сапарбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, аталған облыс аумағы ауыл шаруашылығымен айналысуға географиялық-климаттық тұрғыдан қолайлы. «Өңірдегі пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару мақсатында арнайы карта әзірленді. Соның нәтижесінде бос жатқан 41 мың гектар жер мемлекетке кері қайтарылды. Сондай-ақ, 2025 жылға қарай аймақтағы балық өндірісін 5 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Облыста 142 су тоғаны бар. Одан бөлек, соңғы 3 жыл ішінде 59,1 мың гектар суармалы жер қайта қалпына келтірілді», - дейді ол. Бұған дейін Б. Сапарбаев облыста қуаңшылықтың алдын алу мақсатында қандай шаралардың жүзеге асып жатқаны туралы айтты.