Жаңалықтар

Жамбыл облысында 8 айда 268,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 7,2% құрады

Жамбыл облысында 8 айда 268,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 7,2% құрады

Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының ағымдағы жылдың басынан атқарған жұмыстары туралы Жамбыл өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізді.

Брифинг барысында басқарма басшысы Аспандияр Сейсебаев облысымызда өнеркәсіп саласының даму динамикасында оң үрдіс сақталып отырғанын жеткізді.

Мәселен, қара металлургия саласында – «Тараз арматура зауыты» ЖШС жылдық қуаттылығы 200 мың тоннаға дейінгі құрылыс арматурасын өндіру жобасын іске асырған. Ал, химия өнеркәсібінде – «Talas Investment Company» ЖШС натрий цианидін өндіруді 30 мың тоннаға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. «ЕвроХим Тыңайтқыштар» ЖШС Минералды тыңайтқыштар өндіретін Химиялық зауыт құрылысын жүргізіп жатыр. «Qazaq soda» ЖШС кальцийленген сода өндіретін зауыт салу жобасын іске асырмақ. Құрылыс материалдары өндірісінде «Жамбыл гипс» АҚ өндірілетін тауарлар номенклатурасын (гипсокартон, құрғақ қоспалар), «Алина ПРО» ЖШС (плиталар, құрғақ қоспалар және т. б.) кеңейтуде. Жеңіл өнеркәсіпте отандық шикізатты қайта өңдеуге, сондай-ақ аяқ киім, маталар, тоқыма бұйымдарын өндіруге бағытталған тауарларды өндіру жоспарлануда. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларды іске асыру үшін «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы және «Тараз» Республикалық маңызы бар индустриялық аймақтарының қызметтері жандандырылуда. Кәсіпорындар үшін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде қажетті инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Сондай-ақ, Аспандияр Сейсебаев Жамбыл облысында 2023 жылдың 8 айдың қорытындысы бойынша 268,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 7,2% құрағанын жеткізді.

  Ал, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 3,9%-ды (ҚР-3,4%) (9-орын) құраған. Ағымдағы жылдың сегіз айында облыста орналасқан қаржы институттарымен несие сомасы 111,9 млрд.теңгені құрайтын барлығы 38 615 кәсіпкерге несие берілген. Бұл қаражаттың 59,8% яғни 66,9 млрд.теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы, 12,8% яғни 14,3 млрд.теңгесі «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингінің еншілес компаниялары арқылы, 21,4% яғни 23,9 млрд.теңгесі микроқаржы ұйымдары арқылы, 6% яғни 6,7 млрд.теңгесі «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несиелендірілді. Берілген несиелердің 44,4 млрд.теңгені құрайтын 3417 жобасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды.