Жамбыл облысында “Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша 401 квота бөлінген
Жамбыл облысында “Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша 401 квота бөлінген
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу. Осы орайда «Экстракорпоральды ұрықтандыру» бағдарламасымен өткен жылы квота саны 7 мыңға дейін көбейтілді. Жамбыл облысына оның 401-і бөлінді. «Бірінші жартыжылдықта 330 квота игерілді. Жүктілік 58 науқаста болды. Яғни 34,3 пайыз. 82 науқаста теріс нәтиже болған. О баста 161 науқас жоспарланған. Қазір өңірде бедеулігі бар науқастар үшін квоталарды бөлу жөніндегі комиссия құрылып, жұмыс істеп келеді. Барлық аудандар мен қалалық емханаларда жауапты мамандар тағайындалып, қосалқы репродуктивтік технологиялар қызметін көрсетуге қатысатын медициналық ұйымдар анықталған»,-дейді Жамбыл облыстық «Ана мен бала» орталығының маманы Айгүл Бөлегенқызы. «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғаспақ. Алдағы үш жылда мемлекет жыл сайын 7 мың отбасына бала сүю бақытын сыйлауды жоспарлап отыр. Сала мамандары бұл бастамаға кез-келген жұптың қатыса алатынын айтады.