Жамбыл облысында МӘМС жүйесіне енгізілген өзгерістер түсіндірілді
- авторАяжан Дәулетбекқызы
- 29 шілде, 2025
- 593
Бүгін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалында журналистерге арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Баспасөз конференция барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға енгізілген негізгі өзгерістер мен ережелер таныстырылды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының Директоры Ғайни Аймағанбетваның МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы баяндамасы жасады.
Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады Сонымен қатар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет есебінен қамтылады. Бұл өңірлердегі халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдауға қосымша серпін береді.
Жалпы, бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша 948 мың адам яғни тұрғындардың 80,8% сақтандырылған. Дегенмен, облысымызда әлі де болса 225 мыңнан аса адам жүйеден тыс қалып отыр. Ал (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар саны 70 мыңның шамасын құрап отыр.
Тағы бір жақсы жаңалық – бұған дейін жарна төлемей қалған жағдайда адамның сақтандыру мәртебесі 3 ай ғана сақталатын еді, енді 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген адам болса, жұмысынан айырылған жағдайда бұл мәртебе 6 айға дейін сақталады. Яғни, азаматтар уақытша табысынан айырылып қалса да, медициналық көмексіз қалмайды. Бірақ кейін сол уақыттағы қарызын өтеуі керек болады.
Мемлекет онкологиялық ауруларға ерте тексеру жұмыстарын күшейтуді көздеп отыр. Сол себепті 2026 жылдан бастап онкоскринингтер ТМККК тізіміне өтіп, барлық азаматтарға сақтандырылғанына қарамастан, тегін болады. Бұған қоса, бұрын тек туберкулез бен АИТВ-ға ғана тегін тексеру жасалса, енді оған қоса созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт ауруларына күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады.
Ал, 2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 13 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді.
Жарна есептеу шегінің өзгеруі
Халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы. Осыған байланысты, 2026 жылғы қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылады:
* Жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ),
* Қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ.
Аталған өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ және теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Заңнамаға сәйкес, мемлекет МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар санаттарға жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл жарналар республикалық бюджеттен бөлініп, балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер және тағы басқа 15 санаттағы азаматтардың медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді.
Қазақстанда МӘМС жүйесіне төленетін жарналар мен аударымдардың мөлшері ең төмен деңгейде – 2025 жылы 2%. Салыстырмалы түрде, басқа елдерде бұл көрсеткіш 9–14,5% аралығында. Жүйені бастапқы жобалау кезінде жарна мөлшерлемелері жоғарырақ болып жоспарланған, алайда жүйе іске қосылған кезде олар едәуір төмендетілген еді.
Алайда «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізіліп, МӘМС жүйесінде қосымша міндеттемелердің қосылуына байланысты жүйенің қаржылық жүктемесі күрт өсіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылуда:
* 2027 жылы – 2,2%,
* 2037 жылға дейін – 4,7%-ға дейін біртіндеп өсіру.
Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады.





