Жаңалықтар

Жамбыл облысында құны 19 миллион теңге болатын этил спирті бар заңсыз қойма анықталды

Жамбыл облысында құны 19 миллион теңге болатын этил спирті бар заңсыз қойма анықталды

Ағымдағы жылғы 19 қаңтарда Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп, Меркі ауданы Қостоған ауылының шекара маңында орналасқан шаруа қожалығынан заңсыз сақталған этил спиртін анықтады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қойма ретінде жабдықталған сарайда көлемі 1 тонна болатын 8 бөшкедегі 8 000 литр этил спиртін тауып, тәркіледі. Осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы 1-бөлігі (Заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, контейнерлерден алынған үлгілер тамақ шикізатынан тазартылған этил спирті болып табылды. Құрамында спирті бар 8000 литр өнімнің нарықтағы құны орташа есеппен 19 280 000 теңгені құрайды. Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері шаруа қожалығының 51 жастағы иесін анықтады. Қазіргі уақытта істің толық мән-жайларын анықтау бойынша тиісті жедел-тергеу шаралары жүргізілуде.