Жамбыл облысында сел қаупінің алдын алу шаралары күшейтілді

Бұл туралы Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Жамбыл облысы – табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты сел жүру қаупі жоғары өңірлердің бірі. Әсіресе көктем мен жаз айларында таулы аймақтарда қар мен мұздықтардың еруі, нөсерлі жауын-шашынның көбеюі өзендердегі су деңгейінің күрт көтерілуіне себеп болып, сел қаупін арттырады. Осыған байланысты облыс аумағында сел апаттарының алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қолға алынуда, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Облыс аумағында сел қаупі бар 18 өзен тіркелген. Олардың басым бөлігі таулы және жартасты аймақтарда орналасқан. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалы бұл өзендердің жағдайын үздіксіз бақылауда ұстайды.
Бүгінде сел қаупін бақылау жұмыстары 8 тұрақты су бекеті арқылы жүргізілуде. Атап айтқанда, Қарақоныз, Аспара, Меркі, Қарақыстақ, Шалсу, Қайындысай, Талас және Көксай бекеттері арқылы өзендердегі су деңгейі мен ағымына күнделікті мониторинг жасалады. Бұған қоса, 15 мамыр мен 15 қыркүйек аралығында қосымша екі маусымдық гидробекет жұмыс істейді: жоғарғы Меркі (теңіз деңгейінен 2496 метр биіктікте, Меркі санаторийінен 29 шақырым жоғары) және жоғарғы Аспара (теңіз деңгейінен 2062 метр биіктікте, Гранитогорск ауылынан 24 шақырым жоғары).
Сел қаупі күшейетін кезеңге орай, Меркі және Т. Рысқұлов аудандарында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Меркі өндірістік пайдалану бөлімі, Жамбыл аумақтық қорғаныс бөлімшесі және жергілікті төтенше жағдайлар бөлімдерімен бірлескен түрде қауіптің алдын алу шаралары жүргізілуде.
Аталған аудандарда сел қаупі бар аумақтарда тұратын тұрғындармен, сондай-ақ мекеме және кәсіпорын өкілдерімен түсіндіру және ақпараттық-үгіт жұмыстары өткізілді. Бұл – тұрғындардың табиғи апат жағдайларындағы әрекет ету ережелерін меңгеріп, төтенше жағдайға дайын болуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сел қаупі бар аумақтарда орналасқан гидротехникалық құрылыстар мен ескерту жүйелерінің техникалық жағдайы тексерілді. Апаттық-құтқару қызметтері дайындыққа келтіріліп, қажетті техника мен құрал-жабдықтар қоры жаңартылды.
Жауапты мекемелер табиғи қауіп-қатерге жол бермеу үшін кешенді әрі жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Ал тұрғындардан табиғаттың тосын мінезіне бейжай қарамай, төтенше жағдай туралы ескертулерге назар аударып, қауіпсіздік талаптарын сақтауы сұралады.