Жамбыл облысында суару жабдықтарын құрастыратын 2 зауыт салынады
Түркиялық инвесторлар Жамбыл облысында суару жабдықтарын құрастыратын екі зауыт салмақ, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Анкараға (Түркия) сапары барысында Жамбыл облысында инвестициялық жобаларды іске асыру туралы келісімге, тұқым шаруашылығы және инвестиция тарту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.
Жамбыл облысында суару зауыттарын салуға дайын екенін айтқан «Ardent Plastik A.S.» Түркиядағы жетекші компанияның бірі саналады. Жоғары сапалы суару өнімдерін, соның ішінде жаңбырлату жүйелерін, тамшылатып суару құбырларын, пластикалық құбырлардың бірнеше түрін шығарады. Компания 1979 жылы құрылған, өнімдерін 35-тен астам халықаралық нарыққа шығарады. «Atlantis» компаниясы 1998 жылы Ыстанбұлда құрылған. Ауыл шаруашылығындағы суару, тамшылатып суару жүйелерін, ландшафттық (рекреациялық) суару жүйелерін, ықшамдалған құрылыс жабдықтарын өндіруге және орнатуға маманданған. Сондай-ақ жылыжай құрылымдары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарады.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл өнеркәсібін дамыту жайлы айтты.