Жаңалықтар

Жамбыл облысындағы ана мен бала өліміне байланысты тергеу басталды

Мән-жайды анықтау үшін жұмыс тобы құрылып, тиісті сараптамалар тағайындалған.

Жамбыл облысында айы-күні жақындаған жүкті әйел перзентханадан тірі шықпады. Қайғылы оқиға Шу қаласындағы көпбейінді ауруханада болған. Марқұмың туыстары дәрігерлер жүкті әйелдің өлімін жасырмақ болып екі күн хабар бермегенін айтады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz  zakon.kz сілтеме жасап.

КТК ақпаратына сүйенсек, марқұмның туыстары қаза болған жақындарының денесін шарқ ұрып іздеп, аурухананың жертөлесінен таптық дейді. Сұмдық жағдайға баланысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталды.

Жүктіліктің 30 аптасынан асқанда Әдемі Ешеналиева 5 наурызда қан қысымы көтеріліп Шу ауруханасына жеткізілген. Ал 10 наурызда дәретханада құлап жатқан жерінен дәрігерлер тауып алған көрінеді. 25 жастағы келіншектің өміріне қауіп төніп, жасанды түсік жасап, ЭКО арқылы көтерген тұңғышын алып тастаған деп отыр дәрігерлер. Ал өз өмірі үшін арпалысқан ана 13 күннен бері ес-түзсіз жатып, 22 наурызда көз жұмады.

Жантүршігерлік жағдайға байланысты тергеу басталды. 

Қазір полиция департаменті ана мен бала өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Медициналық қызметті және фармацевтикалық бақылау комитетіне арнайы хат жолданып, дәрігерлердің үстінен қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр.

Күні кеше жақынын жер қойнына табыcтап қайғыдан қан жұтып отырған отбасы әйелдің мезгілсіз өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Олар жасанды ұрықтандыру арқылы көтерген әйелге ауруханада тиісті күтім жасалмағанын айтып отыр. Ал тағайындалған сараптама мен тексеріс қорытындысы алдағы күндері белгілі болмақ.