Жаңалықтар

Жамбыл облысында құқықтық сауаттылық пен заң көмегінің қолжетімділігі артып келеді

Бұл туралы Жамбыл облысы Әділет Департаментінің басшысы Нұрғали Андасов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді

2024 жылы «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні» және «Тегін заң көмегі күндері» сияқты акциялар ұйымдастырылып, 100 000-нан астам адамға кеңес берілді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Қазақстанда құқықтық сауаттылықты арттыру және заң көмегін қолжетімді ету бойынша бірнеше маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, халықтың құқықтық сауатын арттыру, қоғамның санасына адами құндылықтарды сіңіру және әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігін нығайту – елдің дамуы үшін маңызды қадам.

Әділет министрлігі осы бағытта бірқатар іс-шаралар өткізуде. Мысалы, 2024 жылы «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні» және «Тегін заң көмегі күндері» сияқты акциялар ұйымдастырылып, 100 000-нан астам адамға кеңес берілді. Жамбыл облысында 22 055 адам қамтылып, 1 285 іс-шара өткізілді.

Ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 2 000-нан астам «Құқық кабинеттері» ашылды. Олар аудандық клубтарда, демалыс орталықтарында және «Egov» бұрыштарында жұмыс істейді. Жамбыл облысында осы кабинеттердің 120-ы жұмыс істейді.

Цифрлық технологиялар арқылы заң қызметтерін алуды жеңілдету үшін E-ZanKomegi бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылды, бұл жүйе арқылы азаматтар онлайн заң қызметтерін ала алады. Сонымен қатар, «Zan Komegi» мобильді қосымшасы арқылы бейнеқоңырау арқылы заңгерлерден кеңес алуға болады. Бұл жүйеде 2000-нан астам адвокат пен заң кеңесшісі қызмет көрсетеді.

Жалпы, әділет органдарының цифрлық трансформациясы азаматтардың құқықтық білімін арттыруға және заң көмегіне қолжетімділікті жеңілдетуге бағытталған. 2025 жылы 300 мың азаматты құқықтық сауаттылық бойынша оқыту жоспарлануда, сондай-ақ робот-сот орындаушының құзыреті кеңейтіліп, 40 АЕК көлеміндегі берешектерді өңдеуге мүмкіндік береді.