Жаңалықтар

Жамбыл облысында үздік газ-түтіннен қорғаушылар анықталды

Жамбыл облысында үздік газ-түтіннен қорғаушылар анықталды

Тараз қаласы № 1 Мамандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесіне қарасты бөлімшелері арасында газ-түтіннен қорғау қызметі (бұдан әрі -ГТҚҚ) буынының жарысы өтті. Іріктеу жарысында жеңімпаз болып танылған 15 команда сайысқа түсті. Жарыс басталмас бұрын Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесі бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Абсатов Әлібек Әділбекұлы сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде: «Құрметті әріптестер, баршаңызға аталмыш жарыста тек жетістік тілеймін, жарыстың түрлі кезеңдерінен кедергісіз өтулеріңізге тілектеспін» – деп сөзін қорытындылады. Жарыс газ түтіннен қорғау қызметін жетілдіру, от жауынгерлерін епті және тиімді әрекет етуге баулу, газ-түтіннен қорғау қызметінің шұғыл-қызметтік міндеттерін ойдағыдай орындауын қамтамасыз ету мақсатында өткізілді. Сондай ақ, Жамбыл облысы өртке қарсы қызмет гарнизонының газ-түтіннен қорғау қызметінің функционалдық дайындығын арттыру және «Үздік газ-түтіннен қорғау қызмет буынын» анықтау болып табылады. Жарыс барысында өрт сөндірушілер барынша өздерінің кәсіби шеберліктерін танытып бақты. Барлық қатысушылар тапсырмаларды өз деңгейінде орындады. "ГТҚҚ үздік буыны" атағына арналған облыстық байқау-конкурстың жеңімпазы тыныс алу органдарын жеке қорғаудың пайдаланылатын құралдарының түріне қарамастан, айыппұл уақытын ескере отырып, кезеңдерді орындауға жұмсалған ең аз уақыт бойынша анықталатындығын атап өткен жөн. ​Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Құтқарушылар күні қарсаңында марапатталатын болады.