Жаңалықтар

Жамбыл облысында жыл басынан бері полиция бөліміне 7 мыңға жуық кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді

Жамбыл облысында жыл басынан бері полиция бөліміне 7 мыңға жуық кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді

Қазіргі таңда полиция бөлімшелерінде 341 жасөспірім және 336 тұрмысы нашар отбасы, 60 ата-аналық құқығынан айырылған немесе шектелген ата-ана есепте тұрады. Жыл басынан бері полиция бөліміне түрлі қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған 6937 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді деп хабарлайды Жамбылинфо Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 339 ата-ана, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын үйден тыс жерлерде заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 6 200-ге жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу тақырыбында жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарға түнде болуға тыйым салынған ойын-сауық орындарына тексеріс жүргіздi. Мұндай мекемелердің 199 әкімшісіне заң бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Оларға 2 миллион 928 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Айта кетейік, Жамбылдық полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы қадағалаусыз жүрудің және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында күн сайын профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Тәртіп сақшылары жастардың көп шоғырланатын және ойын-сауық орындарын тексереді, сондай-ақ ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдердің үйлеріне барады.