Жаңалықтар

Жамбыл облысының даму жоспарының жобасы нені көздейді?

Жамбыл облысының даму жоспарының жобасы нені көздейді?

  Жамбыл облысындағы бірқатар өзекті мәселелерді шешу бағытында жеке инвестициялық, бюджеттік және жұмыспен қамту жобалары аясында 2025 жылға дейінгі облыстың даму жоспарының жобасы әзірленген. Ондағы мақсат – әрбір елді мекен бөлінісінде жұмыспен қамтуды көздейтін бюджеттік және бюджеттен тыс инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыра отырып, ауыл халқының табысын арттыру, тұрмыс жағдайын жақсарту. Жоба негізінен халықтың әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешуді көздейді. Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 2,16 триллион теңгені құрайтын 1193 жобаны іске асыру көзделген. Осы жобалардың есебінен 13,9 мың жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Оның 12,7 мыңы тұрақты, 1,2 мыңы уақытша жұмыс орындары болмақ, яғни, оның 3,9 мыңы ауыл шаруашылығы, 10 мыңы өнеркәсіп саласына тиесілі. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту 10 бағытта жүзеге аспақ. Соның есебінен 382 жұмыс орны құрылмақ. Осы бағыттарды жүзеге асырудың нәтижесінде еңбек өнімділігі 2,7 пайызға, яғни, 1,6 миллион теңгеден 4,3 миллион теңгеге дейін, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10 пайызға артпақ. Ет өндірісі – 7, сүт – 0,7, жұмыртқа өнімі 2,5 пайызға ұлғаяды деп күтілуде. Ал өнеркәсіп саласын дамыту 7 бағытта жүзеге асырылатын болады. Өңдеу өнеркәсібімен 78 кәсіпорын айналысса, оның 35-і биыл жүзеге асырылмақ. 25 тамақ өнеркәсібі өндірісі, қосымша 8 жарық энергетика кешені салынады, 6 балық шаруашылығы, 5 туризм, 1 цифрландыру, 353 өзге де қызмет көрсету бағытында шағын жобалар іске асады деп болжанған. Биыл 2139 жұмыс орны құрылмақ. 2025 жылға дейін жалпы құны 2 триллион теңгені құрайтын 20 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Онда 5,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылатын болады. Нәтижесінде еңбек өнімділігі 8,9 пайызға артып, 288 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі. Экспорт көлемі 97,6 миллиард теңгені құрап, импортты алмастыру 188,3 миллиард теңгеге жетеді. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровтың айтуынша, жоспар аясында бюджет қаражаты есебінен 2025 жылға дейін құны 624,3 миллиард теңгені құрайтын, 11,3 мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 2130 жоба іске асырылмақ. Ал жұмыспен қамту аясында 2025 жылға дейінгі облысты дамыту жоспарында өңірімізде 83,7 мың жұмыс орны ашылатын болады. Оның 27,8 мыңы тұрақты, 56 мыңы уақытша жұмыс орындары. Сонымен қатар, алдағы уақытта әкімдердің жұмысы құрылған жұмыс орнына қарай бағаланады. Осы бағытта Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» бойынша берген тапсырмасы 9 айда 1,4 есеге асыра орындалып, 8,8 мың жаңа жұмыс орны құрылған, оның 2,9 мыңы тұрақты. Жалпы, 2025 жылға дейінгі «Даму» жоспарының жобасында еңбек нарығына жаңадан келетін жастар мен жұмыссыздардың ағыны да ескерілген. Ауыл шаруашылығы саласында алдағы жылдары барлығы 716 жобаны жүзеге асыру көзделген. Ол жобалар аудандарда, ауылдық округтерде ұйымдастырылғандықтан да олар субсидияланады, қаржылық ұйымдар арқылы қаржыландырылады.