"Жамбыл облысының құрылғанына -85 жыл": Мырзатай Жолдасбеков жерлестерін мерейтоймен құттықтады
Қоғам және мемлекет қайраткері шежірелі өлкенің тарихынан сыр шертті
Мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков жерлестерін тарихы тереңде жатқан Жамбыл облысының құрылғанына – 85 жыл толуына орай, жүрекжаржы тілегін жолады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Қазақтың Ұлы даласының қай өңірі де тұнып тұрған шежіре. Сөйлете білсең, терең үңілсең, соның қай-қайсысы да қазақ халқының өткенінің бай тарихын баяндайды. Жамбыл обылысы – ежелгі Ғұндардың да, Сақтардың да, байырғы Түрік Қағанатының да, Қарлұқтардың да, Оғыздардың да, Қыпшақтардың да Атамекені. Керей мен Жәнібек қазақ мемлекетінің қазығын қаққан қасиетті өлке.
Жамбыл облысы – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, көне дәстүрлерді көркемдетіп, түлетіп отырған, бірлік пен бейбітшіліктің алтын бесігі. Өңірдегі аудан мен ауылдық округтер өзіне тән ерекшеліктерімен облыстың дамуына үлкен үлес қосуда. Киелі Тараздан өсіп-өнген, түлеп шыққан азаматтар қай салада болсын, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, елдің абройын асқақтатып жүргені барша жұртқа мәлім. Баукеңнің батырлығы, Шерхан Мұртазаның шыншылдығы, Иля Жақановтың әуезді әндері мен зертту еңбектері, Жақсылық Үшкемпіровтың тұңғыш олимпиада жеңімпазы атануы жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге болары анық. Бүгінде ата жолын жалғап, араға 24 жыл салып Жақсылықтың ізін басқан Елдос Сметов те дзюдодан олимпиада чемпионы атанды. Дүние жүзінің назарын Қазақстанға аударды. Одан бөлек ,қазақ спортын, көкпарды биік белеске көтерген Жамбыл облысы шабандоздарының да орыны ерекше. Өнер мен спорт салаласынан бөлек, өңір өрендері жаһандық жарыстарда бақ сынап, ғылыми зерттеу жұмыстарымен де айналысып жүрген жастар қатары көбеюде.
Биыл облыстың құрылғанына 85 жыл толуына орай өңір құрамындағы аудандарда мәдениет күндері ұйымдастырылып, тұрғындарды ерекше сезімге бөлеуде. Қазақтың ұлттық ойындары мен салт-дәстүрлері қайта жаңғырып, шипалы ұлттық тағамдарымыз насихатталып, мәдениет күндері ерекше тойланып өтуде. Бүгінде Жамбыл облысы дамудың даңғыл жолына түсіп, тұрғындардың тұрмысын тіктеуде көптеген игі іс атқарып келеді. Өңір сәулетін арттыруға өзіндік үлес қосар мемориалдық кешендер мен орталықтар, «Шахристан» тарихи-мәдени кешені қала келбетін көркейтіп тұр. Облыс жылдан жылға көшін ілгерілетіп, даму деңгейін жоғарылатуға барынша күш салуда. Жамбыл облысы өнеркәсіпте де, ауыл шарушылығында да әлеуетке ие өңірлердің бірі. Сондай-ақ, экономиканың барлық саласы бойынша жыл сайын тұрақты өсімін көрсетіп келеді.
Мемлекет саясатының алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігі, елдің ынтымағы. Қазіргі азат ұрпақ Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғынып, елдің бірлігін сақтап, Қазақ елінің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін.
Облыстың 85 жылдық мерейтойы құтты болсын! Шежірелі өлкенің шаттығы тарқамасын!