Жаңалықтар

Жамбылда 30 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны ашылады

Жамбылда 30 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны ашылады

Жамбылда 30 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны ашылады. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Тараз қаласында Жамбыл облысының активімен кездесуі барысында айтты,деп хабарлайды Жамбылинфо. Әлихан Смайылов әкімдіктің алдында өңірді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту, оның ішінде ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын және басқа да стратегиялық құжаттарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары шеңберінде міндеттер тұрғанын атап өтті. Алдағы жылдары әлеуметтік нысандарды, тұрғын үй-коммуналдық, энергетикалық және ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу, жергілікті жолдардың сапасын арттыру және т.б. шаралар жүзеге асырылмақ. Өңірде 9,5 мың оқушыға арналған 13 жаңа мектеп және 30 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны ашылады, сондай-ақ 3 аудандық аурухана жаңғыртылады. 2021 жылдан бастап коронавирус инфекциясына қарсы отандық QazVac вакцинасын шығаратын биофармацевтикалық зауыттың екінші кезеңінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. «Облыс әкімі азаматтардың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру жөніндегі барлық жоспарлардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс», - деп атап өтті Премьер-Министр. Сондай-ақ, Әлихан Смайылов өңір басшылығы отандық азық-түлік өнімдерін өндіруді ұлғайту және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысты бақылауда ұстауы керек екенін айтты.