Жаңалықтар

ЖАМБЫЛДА «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

ЖАМБЫЛДА «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

2022 жылғы 11-12-тамыз күндері Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі басталды. Фестивальге шетелде тұратын, сондай-ақ, әлі азаматтық алмаған елдегі қандастар қатысады. Бүгін аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов әкімдікте фестиваль қатысушыларымен арнайы кездесу өткізді. Жиында сөз бастаған облыс әкімі іс-шараның өңір үшін маңыздылығын атап өтті. «Біз үшін бұл іс-шараның орны ерекше. 9 елден 35 өнерпаз бауырымыз қатысуда. Оның жыл сайын елде тұрақты түре өткізіліп келе жатқаны үлкен мерей», -деді Нұржан Нұржігітов. Жыл сайынғы дәстүрлі фестиваль, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп отыр. Шара аясында вокал-дәстүрлі ән айту, жыр мүшәйрасы, терме мен күй сайысы өтіп, қолөнершілердің үздік туындылары көрермен назарына ұсынылады. Өнер фестивалінде Түркия, Иран, Моңғолия, Қытай, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты мемлекеттерден келген қандас бауырларымыз бақтарын сынамақ. Сондай-ақ, басқосуда сөз алған «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Жамбыл облысы сырттан келген қандастарды қабылдауда ең алдыңғы аймақтардың бірі екенін атап өтті. «Осы уақытқа дейін Жамбыл облысына сырттан көшіп келген 92 мың азамат осында өмір сүріп жатыр. «Отандастар қоры»-ның жобасы «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі төртінші рет ұйымдастырылғалы отыр. Биыл Тараз қаласы кездейсоқ таңдалған жоқ. Тараз тарихы тереңде жатқан көне қалалардың бірегейі. Осы Тараз қаласында өткізе отырып бір жағынан қазақтың бай тарихи мұрасын дәріптегіміз келеді, екінші жағынан қандастарымыз да халықаралық фествальді көрсін деп ұйымдастырып отырмыз»-деді Абзал Сапарбекұлы. Шетелде тұратын отандастардың қатысуымен өткен өнер фестивалі қазақ мәдениетінің рухани және материалдық бірегейлігіне сүйене отырып, дарынды жастарды анықтауға сеп болмақ. Фестиваль фольклорлық өнердің үздік жанрларын, музыкалық және қолданбалы өнердің таңдаулы үлгілерін сақтауға, отандастардың шығармашылық және білім беру әлеуетін арттыру мақсатында өткізілуде. Жиында, Нұржан Нұржігітов келген қонақтар мен қандастарға естелік сыйлықтар табыс етті.Айта кетейік , фестиваль бүгін жұмысын бастады. Ал ертең гала-концертте, қатысушыларды салтанатты марапаттау рәсімі өтеді. Тілші- Диана Орынбасар