Жамбылда білім қызметкерлері кәсіподағының IV Пленумы өтті

Пленумда өткен жылы атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы маңызды міндеттер нақтыланды
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Салалық кәсіподақтың республикалық ұйымының ХV съезі мен Жергілікті кәсіподақтың ХV конференциясының шешімдерін жүзеге асыру барысы мен алдағы міндеттерді талқылау мақсатында облыстық ұйымның ІV Пленумы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның жұмысына Пленум мүшелері, жұмыс беруші өкілдері мен Атқару комитетінің мүшелері қатысты.
Алқалы жиында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков баяндама жасады.
Ерұлан Мағзымбеков өз баяндамасында кәсіподақ ұйымының жұмысы, әлеуметтік әріптестік аясында атқарылған шаралар мен саладағы өзекті мәселелер туралы айтты.
Оның айтуынша, 2024 жылы маусымда қабылданған облыстық Келісім мен бірыңғай ұжымдық шарттар Министрлікте тіркеліп, заңды күшіне енді. Бұл құжаттарды орындауға бөлінген қаржы көлемі 2022 жылы – 999,1 млн теңге, 2023 жылы – 2,9 млрд теңге, 2024 жылы – 3,2 млрд теңге болды.
Пленумда кәсіподақ ұйымының құқықтық қызметі бойынша жылдық есеп ұсынылды. 2024 жылы кәсіподақ заңгерлері 9884 өтініш қарап, 10 564 құқықтық кеңес берді, 526 тексеру жүргізіп, 1638 еңбек заңдылығын бұзу фактісін анықтады. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінен 766 жазбаша өтініш түсіп, 748-іне ресми жауап берілді, ал жеке қабылдау, телефон және электрондық пошта арқылы 9136 кеңес берілді. Құқықтық қызметтің нәтижесінде 380,2 млн теңге төленіп, қайтарылып, қайта есептелді.
Сонымен қатар, Пленум барысында.Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков білім саласындағы өзекті мәселелерге ерекше тоқталды.
Пленум қорытындысы бойынша 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік актілерін түсіндіру және жүзеге асыру, «Педагог» кәсіби стандарты мен педагогтарды қабылдаудың конкурстық жүйесін енгізу, «Мақсатты мектеп», «Біртұтас тәрбие» ұлттық жобаларын жүзеге асырудағы еңбек құқықтарын сақтау, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында саладағы жұмысшы мамандық иелерінің еңбегін оңтайлы ету, ұжымдық шарттар арқылы қосымша әлеуметтік кепілдіктер мен мүмкіндіктер жүйесін қарастыру, кәсіподақтық шараларға көптеп тарту, еңбек адамы ретінде дәріптеу жұмысына екпін беру жөнінде міндеттемелер қабылданды.
Жиын соңында «Үздік педагог – 2024» республикалық байқауының жеңімпаздары кәсіподақ ұйымы атынан шипажай жолдамаларымен марапатталды. Сондай-ақ, кәсіподақтың «Үздік әлеуметтік серіктес – 2024» республикалық байқауына қатысқан 5 білім мекемесі Алғыс хаттарға ие болды. Пленум мүшелері кәсіподақ органының құрамына өзгерістер енгізіп, 2025 жылға арналған кіріс және шығын сметасын бекітті.
IV Пленум өз жұмысын қорытындылап, кәсіподақтың алдағы жылдарға арналған жоспарын бекітті. Жиын соңында қатысушылар өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, ұйым жұмысының сапасын арттыру бағытындағы ұсыныстарын жасады. Кәсіподақ ұйымы мен оның мүшелері үшін 2024 жыл елеулі жетістіктермен ерекшеленіп, келесі кезеңге үлкен жоспарлармен бет бұрды.
Пленумның жұмысы білім саласындағы кәсіподақ ұйымдарының алдағы жылдарға арналған тиімді жоспарларын бекіту мен әлеуметтік әріптестікті нығайту мақсатында маңызды қадам болды. Бұл жиын білім қызметкерлерінің әлеуметтік қолдауын күшейтуге, заңдық тұрғыда жұмысшылардың құқықтарын қорғауға үлкен серпін берді.
Бақытжан Бекболат