Жаңалықтар

Жамбылда биыл 2,2 млрд теңгеге медициналық қондырғылар сатып алынды

Жамбылда биыл 2,2 млрд теңгеге медициналық қондырғылар сатып алынды

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласында «Дені сау ұлт» жобасы аясында қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл 2025 жылға дейін медицинаны еліміздің әрбір азаматына сапалы әрі қолжетімді етуді көздейді, деп хабарлайды Жамбылинфо  BAQ.KZ  сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова айтты. Ол өңірде 388 денсаулық сақтау нысаны тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсететінін де атап өтті. Бұлардың 26-сы аурухана болса, 6-ауы қалалық емхана екен. Өңірде 10 орталық аудандық, 5 ауылдық емхана бар. Дәрігерлік амулаториялардың саны – 122 фельдшерлік амбулаториялардың саны – 53, оған қоса 158 медициналық пункт ауыл тұрғындарын қабылдайды. 2 сауықтыру-демалыс санаторийі мен өзге де 6 емдеу нысаны есепке алынған.

Оның мәліметтеріне қарағанда, медициналық қызметпен қамтылған ауылдар мен елдімекендерде жылжымалы кешеннің көмегіне барлығы 214 967 тұрғын жүгінген. Мұның ішінде 59 133 бала дәрігерлерге қаралған. Жанар Мықтыбекқызы жыл басынан бері Жамбыл облысының тұрғындарына 51 639 диагностикалық зерттеу жүргізілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ 16 277 зертханалық тексеру жасалған, бейінді мамандар 245 614 азаматқа кеңес беріпті. Бұл сандардың әрқайсысы өткен жылғы көрсеткіштерден екі-үш еседей көп. Демек, халықтың медициналық ұйымдарға сенімі артып келеді, заманауи технология қолданысқа кеңінен еніп жатыр.

Жанар Оспанова аймақтағы денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту шараларына да тоқталды. Бұл бағытта ағымдағы жылы жергілікті қазынадан 2,2 миллиард теңге қаражат қаралып, 144 медициналық құрал-жабдық сатып алынған. Оның ішінде 20 экстрокорпаралды мембранды оксигенация аппараты, 40 көп функциональды кереует, 3 анестезияға арналған тыныс алу аппараты, 4 цифрлық рентген, 1 компьютерлік томография, 1 ЛОР операцияға арналған бейнекешен, 4 ашық неонаталды реанимация жүйесі, 1 эксперттік кластағы УДЗ аппараты және басқа да заманауи қондырғылар бар.

Ол сонымен бірге, инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін алға тартты. Жыл басынан салада жалпы сомасы 9,1 миллиард теңгені болатын 24 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның 7-уі өткен жылы басталған. Осы жылдың соңына дейін 23 медициналық мекеменің ғимараты пайдалануға берілмек.  аяқталуы жоспарлануда. Тек бір нысан – Меркі аудандық орталық ауруханасының гинекология, жұқпалы аурулар, балалар және қабылдау бөлімдерін қамтитын ғимараттың құрылысы келесі жылға да созылады.

Жанар Мықтыбекқызы келесі жылдан бастап 2025 жылға дейін 54 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілетінін мәлімдеді. Олардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал жалпы құны әзірге белгісіз. Биылдыққа 6 медициналық ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Қосымша облыстық 18 нысанның осындай құжаттарын әзірлеу үшін 228,3 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілген екен.

Спикер BAQ.KZ тілшісімен әңгімесінде өңірдегі негізгі әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштерге тоқталды. Белгілі болғандай, Жамбыл облысында табиғи өсім көрсеткіші 16 %-ға төмендеген, ал есесіне туу көрсеткіші 7,6%-ға біршама көтерілген. Биыл – 5 880, былтыр – 5 791, 2020 жылы 5 247 бала диспансерлік есепке алыныпты. Мүгедектіктің алдын алу, оларды оңалтудан өткізу, сырқаттанушылық пен мүгедектікті ерте анықтау, ерекше қажеттіліктері бар жандарға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстарды кеңейту үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Оның мәліметінше, өңірде ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамту көрсеткіші 42,2 %-ды құрап отыр. Ал былтыр бұл уақытта 33,3 % ғана болатын. Спикер «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында 3 үздік тәжірибе орталығы – №5 Тараз қалалық емханасы, Жамбыл және Меркі аудандарындағы медициналық мекемелер құрылғанын жеткізді. Тағы бір сүйіншілі хабар, Жамбыл облысы әкімдігі алдағы уақытта тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту мақсатында «Саламатты қалалар, өңірлер» жобасын енгізбек.

Жанар Мықтыбекқызы, басқарманың алға қойған жоспарлары мен міндеттерін де атап өтті. Бұл орайда, ең алдымен медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылады. «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында Қордай, Т.Рысқұлов, Талас аудандарындағы орталық ауруханалар мен Шу қалалық емханасында үздік тәжірибе орталықтары ашылады.