Жамбылда он төрт адамның 15 млн теңгесін қалтасына басқан алаяқ ұсталды
Жамбылда он төрт адамның 15 млн теңгесін қалтасына басқан алаяқ ұсталды
Жамбылдық полицейлер әккі алаяқты ұстады. Тараз қаласының полиция басқармасы 1- полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің қызметкерлері ірі көлемде жасалған бірнеше алаяқтық дерегін ашты. Осы деректер бойынша тергеу амалдарының нәтижесінде Жуалы ауданының 50 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. «Осылайша істің мән-жайын анықтау барысында күдіктінің 2018-2019 жылдар аралығында облыс орталығында тұрып, «TIENS-Қазақстан» компаниясындағы дистрибьютор-әріптестерінің сеніміне кіріп, желілік маркетингте олардың сапа деңгейін арттыру үшін өзінің ақылы қызметтерін ұсынғаны белгілі болды. Осының нәтижесінде ол 14-ке жуық жәбірленушіні алдап, олардан 1 миллионнан 15 миллион теңгеге дейінгі көлемде ақша алған» делінген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында. Аталған қылмысқа қатысты ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Алаяқтық құрбаны болған басқа да адамдар анықталып жатыр.