Жамбылда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр
Көктемде басталған республикалық акцияға 800 мыңнан астам адам қатысқан
Облыс орталығы Тараз қаласында «Күзгі тазалық» эко акциясы шеңберінде «Сәби қоры» атындағы саябақ қоқыстардан тазартылды. Экологиялық акцияға қатысушылар шашылып жатқан қалдықтар мен қоқыстарды жинап, арнайы орынға апарып төкті, деп Jambylinfo.kz.
Күзгі тазалау жұмыстарынан өңір жастары да тыс қалған жоқ. Бұл күні жастар «Таза қала» ұранымен Қ. Рысқұлбеков атындағы саябаққа тазалық жұмыстарын жүргізді. Акция аясында аталған бағыттағы тазалық жұмыстары облыстың барлық аудандарында өткізілді. Атап айтқанда, шара саябақтар мен скверлерде, көпқабатты тұрғын үйлердің маңында, демалушылар көп жиналатын орындарда жалғасты.
Байзақ ауданында ТЖД және «ҚазТрансАймақ» мекемесінің өкілдері аудан тұрғындарына алдын алу профилактикалық шарасын өткізсе, осындай түсіндіру жұмыстары Жамбыл және Талас ауданында жалғасын тапты. Жуалы ауданында мектеп оқушыларымен «Таза Қазақстан – таза әлем» атты семинар, Қордай ауданында «Таза Қазақстан» атауымен «Береке» колледжінің студенттерімен, Меркі ауданында тұрғындармен кездесу ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Мойынқұм ауданының жастарымен «Тазалық өзіңнен басталады» челленджі өткізілсе, Сарысу ауданы Жаңатас қаласында «Даңқ» монументінің айналасы, Т. Рысқұлов ауданында адамдар көп жүретін «Ардагерлер» саябағы күл-қоқыстардан тазартылды.
Шу ауданында №10 колледж студенттерімен кездесу өткізіліп, депутаттардың қатысуымен жастарға алдын алу шарасы жүргізілді. Бүгінгі күнге акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 829 шақырым каналдар мен арық жүйесі, 132,5 мың аулалар мен 4,8 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 23 265 тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылды.
Айта кетейік, бұл жұмыстарға жалпы 1016 бірлік техника тартылған.