Жамбылда жыл басынан бері 4 бала терезеден құлады
- авторМағжан Орынбасар
- 27 маусым, 2024
- 642
Жыл басынан бері облыс аумағында көппәтерлі үйлердің терезелерінен 4 бала құлаған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Полицияның мәліметінше, қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан, жанында отырса да ата-анасы дұрыс назар аудармағандықтан, 4 жасар бала төртінші қабаттың терезесінен құлап түскен.
Жазғы кезеңнің басталуымен жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері мүдделі органдармен бірлесіп 5 мыңнан астам ауланы аралаған. Полиция қызметкерлері үйдің шатырлары мен жертөлелеріне балалардың еркін кіріп-шықпауын тексерген.
Ата-аналар мен заңды өкілдерге балаларды ересектердің қарауынсыз ұзақ уақытқа қалдыруға жол бермеуге қатысты төрт мыңнан астам жадынамалар таратылған.
Сонымен қатар, жыл басынан бері кәмелет жасына толмаған 4 бала суға батып қаза тапқан. Мысалы, биыл 25 маусымда Тараз қаласында 17 жасар жасөспірім достарымен бірге Талас өзеніне шомылуға барып, суға батып кетті.
«Ата-аналарды қауіпсіздік ережелерді сақтауға және балаларын қараусыз қалдырмауға шақырамын. Олардың жақын орналасқан тоғандары бар жерлерге өз бетінше баруына жол бермеңіздер. Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау - әрбір ата-ананың басты міндеті, - деді Жамбыл облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Алишер Калышев.