Жамбылдық мұғалімдер біліктілігін шетелде арттыруы мүмкін
Жаңа жоба қазір пысықталып жатыр
Жамбыл облысында мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында жаңа жоба қолға алынады. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Өңірлік коммуникация алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Ербол Шырақбайұлының айтуынша, жаңа оқу жылында Жамбыл облысында 6 мектеп пайдалануға берілген. Оның қатарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде салынған 1 мектеп бар.
«Өздеріңіз білесіздер, 1 қыркүйекте Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында облыс бойынша алғашқы «Жайлы мектеп» ашылды. Бұл мектепте оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Енді біз замануи мектеп салған соң онда жұмыс істейтін мұғалімдердің біліктілігі жоғары болуын ойлауымыз керек. Менің орынбасарым Серік Жақсылықұлымен бірге мұғалімдердің біліктілгін арттыру бойынша 1-2 жаңа жоба дайындап жатырмыз. Бұл жоба - арзан емес. Жоба аясында жамбылдық ұстаздар өзімізде және шетелде біліктілігін арттыру үшін курстардан өтетін болады. Қазір бұл жұмыстардың барлық тетігін қарастырып жатырмыз»,-деді аймақ басшысы.