Жаңалықтар

Жамбылдық полицейлер балаларының көзінше суицид жасамақ болған ер адамды құтқарды

Жамбылдық полицейлер балаларының көзінше суицид жасамақ болған ер адамды құтқарды

Полиция қызметкерлері күндіз-түні, демалыс пен мереке күндері де қалтқысыз қызмет атқарады, жеке уақыттарымен санаспай, азаматтарға жан-жақты көмек көрсетеді. Мұны Сарысу аудандық полиция бөлімінің тергеушісі полиция капитаны Азат Ботабек пен Сарысу АПБ жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау бөлімшесінің инспекторы полиция лейтенанты Жанаділ Қобжанов өз істерімен тағы да дәлелдеді. 2023 жылдың 1 ақпанында олар облыс орталығында қызметтік іссапарда болады, түскі сағат 14.00 шамасында мөлтек аудандағы үйлердің бірінің жанынан өтіп бара жатып, пәтерінің терезесін сындырған ер адамды байқаған. Полиция қызметкерлері ойланбастан, оның подъездіне қарай жүгіріп, жылап жатқан балалардың көз алдында терезе шынысының сынықтарымен өз тамырын кеспек болған сәтте пәтерге кіріп үлгереді. Осылайша, қызметкерлер ер адамды тым асығыс жасаған қадамынан құтқара алды. Оның мас күйде екені анықталды. Одан басқа үйде кәмелетке толмаған екі баласы болған. Үй иесі әйелінің айықпас ауруы туралы білгеннен кейін осындай үмітсіз қадамға бел буғанын айтып берді. Полиция қызметкерлерімен сөйлескеннен кейін ол өзінің қателігін түсініп, өмірін сақтап қалғаны үшін оларға алғыс айтты және бұдан былай асығыс әрекет жасамаймын деп уәде берді. - Біздің жұмысымызда бөтеннің проблемасы деген түсінік жоқ. Біз әріптесім екеуміз дәл уақытында үлгергенімізге және орны толмас қайғылы жағдайдың алдын алғанымызға қуаныштымыз, - деді Сарысу АПБ тергеушісі полиция капитаны Азат Ботабек.