Жаңалықтар

Жамбылдықтарға оқ-дәрілерді жою үшін жарылыс жүргізілетіні ескертілді

Жамбылдықтарға оқ-дәрілерді жою үшін жарылыс жүргізілетіні ескертілді

Жамбыл облысында Тараз қаласы маңындағы әскери бөлім аумағында оқ-дәрілердің сынықтарын жою жұмыстары жалғасады, деп хабарлайды Жамбылинфо ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. «3 сәуірден бастап Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлім және оған жақын орналасқан аумақтарды оқ-дәрі сынықтарынан қайта тазалау жұмыстары басталады. Бұл жұмыстарды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери-инженерлік және саперлік бөлімшелерінің біріккен жою топтары жүргізеді», - деді 28349 әскери бөлімінің командирі, подполковник Еркін Әбсадықов. Бұрын хабарланғандай, 2021 жылдың тамыз айында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Қайнар ауылы маңында орналасқан әскери бөлімде қоймалардың бірінің маңынан өрт шығып, кейіннен бірнеше жарылыс болған. Жарылыстан 17 адам қаза тапты. Олардың арасында Төтенше жағдайлар департаментінің, прокуратура қызметкерлері мен әскерилер бар. Спикердің айтуынша, оқ-дәрі қоймаларындағы оқиғалардың салдарын жою бойынша негізгі жұмыстар 2022 жылғы наурыздан қарашаға дейін жүргізілген. Күнделікті бақыланған жарылыстар барысында барлық табылған және жиналған оқ-дәрілердің сынықтары толығымен жойылды. Е.Әбсадықов жарылыс жұмыстарын жүргізу және жарылғыш заттарды жою үшін арнайы бөлінген алаң елдімекендер мен әскери бөлімнен алыс орналасқанын атап өтті. Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы аумақты оқ-дәрі сынықтарынан қайта тазарту жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасады. Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/zhambyldyktarga-ok-darilerdi-zhoyu-ushin-zharylys-zhurgiziletini-eskertildi_a4051618