Жаңалықтар

Жамбылдықтар Елдос Сметовты сән-салтанатпен қарсы алды

Чемпионды құттықтауға асыққан жанкүйерлер Тараз шаһарының шығыс қақпасынан күтіп алды

Париж олимпиадасында  еліміздің қоржынына алтын медаль сыйлаған Елдос Сметовті облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған жамбылдық жерлестері күтіп алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Ел абыройын асқақтатқан балуан жақындарымен қауышып, жанкүйерлерімен жүздесті.

Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы Ербол Шырақбайұлы Елдос Сметовты жарқын жеңісімен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді. 

"Парижде Қажымұқан атамыз күрескен. Елдос, сен Жақсылық атамыздың арманын орындадың. Бұл жеңістің артында жылдар бойы төгілген тер жатыр. Сен қазақтың ұл-қыздарына үлгісің. Сенің батыр болмысыңа қаншама жастар еліктеп жатыр. Саған тәлім-тәрибие берген ата-анаңа, күрестің қыр-сырын үйреткен бапкерлеріңе мың алғыс. Жарқын жеңісің тағы да құтты болсын ", - деді әкім. 

Мұнан кейін Елдос Сметов қолына Мемлекеттік Туды ұстап, көлікпен Тараз көшелерімен жүріп өтті.